logo
Әлем чемпионаты алдында. Қазақстан құрамасы ойыншыларының пікірлері

Финляндияда өтетін алдағы әлем чемпионатына соңғы өтінім Латвия құрамасына қарсы жолдастық матчтардан кейін белгілі болады. Ал әзірге Ригада жиындар жалғасуда, кеңейтілген тізімде 32 хоккейші – 28 алаң ойыншысы және төрт қақпашы. ҚХЛ мен Қазақстан чемпионаты клубтарының өкілдері бар. Әлем чемпионаты алдында ойыншылар алдағы біріншіліктен не күтетіндерін спорттық порталдар мен өз клубтарының баспасөз қызметтеріне бірген сұхбатта бөлісті.

Әлихан Әсетов, «Барыс»

Латвиядағы өткен жылғы әлем чемпионаты Әлихан Әсетов үшін топ-дивизиондағы дебюті болды. Шабуылшы 6 матч өткізіп, екі нәтижелі балл (0+2) жинады. ҚХЛ плей-оффы барысында Әсетов жарақат алып, өз командасына көмектесе алмады, қалпына келгеннен кейін Қазақстан чемпионатының плей-оффында «Номад» үшін ойнады. «Барыстың» баспасөз қызметіне берген сұхбатында форвард алдағы матчтарға қатысты жоспарларымен бөлісті:

- Барлығы жақсы көңіл күймен жаттығуда. Қазір жақсы жүктемелер алып жатырмыз. Латвияда екі бақылау матчын ойнаймыз. Әрі қарай Финлияндияға аттанамыз. Кейбір қарсыластармен біз ойнағанбыз. Әзірге біздің бар назарымыз өз ойынымызда, өз сәттерімізді шыңдап, схемаларды ойластыруға тырысып жатырмыз. Өткен жылы элитадан ешкім ұшқан жоқ. Бәлкім бұл бізді босаңсытқан шығар. Бәлкім, қарсыластар біздерге қарсы аса қатты дайындалмаған шығар. Біз бір-біріміз үшін ойнадық, өз рақатымызға ойнадық, сондықтан нәтиже де осындай. Әрбірі өз-өзіне сенді және біз көшбасшы құрамаларды да жеңе алатынымызды дәлелдедік. Плей-оффқа шыға алмадық, сәл-пәл жетпей қалды. Әрине, Финляндиядағы әлем чемпионатында барлығы нәтижені жақсартқысы келетіні сөзсіз.

Павел Акользин, «Металлург»

«Металлург» құрамындағы Гагарин кубогінің финалисі Павел Акользин бүкіл командамен бірге Нұр-Сұлтаннан Ригаға аттанды. Өкінішке орай, жарақатына байланысты құрамаға оның клубтасы Алексей Маклюков келе алмады. Плей-оффта Павел барлығы 18 матч ойнады, бұл ретте 4 ұпай (1+3) ұпай жинады. Өткен жылғы әлем чемпионаты форвард үшін элиталық дивизиондағы алғашқысы болды. «Sports.kz-ке» берген сұхбатында хоккейші әлем чемпионаты алдындағы көңіл күйімен бөлісті:

- Мен құрама үшін 2019 жылы бірінші дивизионда ойнадым, мұндай деңгейдегі ойын тәжірибесін алғаш рет өткен жылы алдым. Оның көмектесетіні сөзсіз, біз ойындардың қалай өтетінін, оларға қалай дайындалу керектігін білеміз. Сондықтан бұл баға жетпес тәжірибе және алғаш рет қатысқалы жатқан жігіттер үшін үлкен мектеп болмақ. Бұдан өтіп қойған Рома Старченконы, Женя Рымаревті қоспағанда, әрине. Алайда қазірдің өзінде көзінде оты бар, шығып, ел үшін тартысатын жігіттер бар.

Бізде жақсы командалар жиналды, көпшілігін білеміз, неге дайын болу керектігін білеміз. Әрбір ойынға ниеттеніп, тек жеңіске бет аламыз, өткен чемпионат жұдырықтай жұмылсақ, кез келген команданы жеңетінімізді дәлелдеді. Биік межелер күтемін, кемінде плей-оффқа шығуымыз керек.

Роман Старченко

Роман Старченконы Қазақстан құрамасының ең тәжірибелі ойыншысы деуге болады. Құраманың көшбасшысы ҚХФ плей-оффының матчтарын өткізіп жіберіп, әлем чемпионатының биік межелеріне жетуге сақадай сай. Өткен жылы Старченко әлемдік біріншілікте құраманың капитаны, кейін «Барыста» да капитан болды. Sports.kz-ке берген сұхбатында турнирден не күтетінімен бөлісті:

- Әрине, күрделірек болады. Бізді жіті бақылап, алақандарын ысқылап, бізге қарсы мықты дайындалатын болады. Қандай да бір аутсайдерге емес, орташа, жақсы ойнайтын команда деп қарайды. Дайындаламыз. Әрбіріміз үшін бұл – тәжірибе. Әрбірі неге дайындалу керектігін, неге ұмтылу керектігін, әлем чемпионатында хоккейдің қандай деңгейі болатынын біледі. Сәйкесінше өткен жылғы тәжірибені ескерсек, жігіттер сәл жеңіл болады.

Самат Данияр, «Барыс»

Жас қорғаушы ҚХЛ-дағы өзінің үшінші маусымын өткізді. Алғашқы жылы ол барлығы 4 матч ойнап, өткен маусымда құрамда бекіп, толыққанды маусымды өткізіп, барлығы 43 матчта ойнады. Чемпионатта 4 матч өткізді, алайда аса көп ойын уақытына ие болған жоқ. Әлем чемпионаты алдында қорғаушы «Барыспен» жаңа келісімшарт жасасып, клубтың баспасөз қызметіне берген сұхбатында Қазақстан құрамасына шақырылуынан не күтетінімен бөлісті:

- Құрамаға шақырғанына қуаныштымын, өз елің үшін ойнау қашан да үлкен мәртебе. Елордадағы ОЖЖ-лар тамаша өтті, ауқымды жұмыс көлемін жүргіздік. Енді мұның барлығын ойындарда қолданып, жеңу керек. Қазір Латвияда тактиканы да шыңдап жатырмыз, ұдайы видеолар қарап, өз шеберлігімізді жетілдіріп жатырмыз. Қазір жолдастық матчтарда ойыншылар үйлесімін байқап, қорытынды жасаймыз. Әлем чемпионаты басталам дегенше дайын боламыз. Мұнда бәрі жақсы. Жақсылап дайындалып, түрлі жаттығулар жасауға барлық жағдай бар. Оның үстіне, еуропалық уақытқа бейімделеміз.

«Элитада» әлдебір командаларды ерекше атаудың өзі артық, мұнда ең-ең деген құрамалар ойнайды. Сондықтан әрбір қарсыласқа жіті назар аударып, толықтай дайындалып, барлық ойындарды барынша жақсы нәтиже көрсетуге тырысу қажет.

«Барыс» ХК, Sports.kz материалдары пайдаланылды

БАСТЫ БЕТКЕ ОРАЛУ