Олег Болякин: «Ойыншыларға өкпе жоқ»

Қазақстан құрамасының бас бапкері Олег Болякин журналистермен сұхбат барысында әлем чемпионатындағы Швейцарияға қарсы матчты (1:4) қорытындылады.
- Олег Владимирович, матч алдында команда ойынында нені өзгерттіңіз?
- Айтарлықтай ештеңе өзгерген жоқ. Ойыншыларға өкпе жоқ. Олар қолдан келгенін жасайды, тартысты. Үзіліс алдындағы голды аяқпен салынды деп ойлап едім. Төрешілер олай санамады. Ал бір голмен жеңістен үміттену қиын. Бұған дейін айтқанымдай – функционалдық күй нашар. Екінші және үшінші кезеңдерде біз әлсірейміз, гол соғатын сәттер жасауға күш жетіспейді. Бірінші кезеңде сергектік бар, шабуыл жасауға мүмкіндік болады. Америкамен жаман ойнаған жоқпыз, бірақ шаршау жиналады, соның салдарынан негізсіз аластатулар мен голдар болып жатыр.
- Бүгін кем құраммен ойын шешуші болды ма?
- Дания құрамасына қарсы ойында тең емес құраммен ойнау шешуші рөл атқарды. Біз бар күшімізді салып жатырмыз, бірақ қазіргі таңда деңгейіміз осындай. Күшті командалармен тең дәрежеде ойнай алмай жатырмыз.
- Құпия болмаса, киім ауыстыратын бөлмеде матчтан кейін не айттыңыз?
- Жігіттерге жанкешті еңбектері үшін алғыс айттым. Өмір мұнымен аяқталмайтынын жеткіздім. Егер біз бірінші дивизионға түсіп қалсақ, онда элитаға қайта оралу үшін бар күшімізді салуымыз керек. Жұмыс істеу қажет, не істегіміз келетінін, қай бағытта қадам басатынымызды нақты түсінуіміз керек.
- Венгрия құрамасымен матч алдында қарсыласты жете бағаламау болған жоқ па?
- Жоқ. Неге бәрі Венгрия құрамасын нашар команда деп ойлайды? Бұл – дамып келе жатқан, жақсы еуропалық команда. Меніңше, біз ол ойында толық дайын болмадық. Алғашқы жіберілген гол – нокдаун сияқты болды, ал үшіншісі – нокаут. Команда бұл соққыны көтере алмады, міне, осынысы алаңдатады. Шебер ойыншылар бар, сәттер де болды, жеңіс үшін бар күшімізді салуымыз керек еді.
Мен жауапкершілікті өз мойныма аламын, бұдан қорықпаймын да, ұялмаймын да. Мен – ересек адаммын, мұндай жағдайдан өткенмін. Әрине, жауапкершілікті тек бапкерлер штабына арта салмай, ойыншылардан да сұрау дұрыс болады деп ойлаймын. Біз өз жұмысымызды адал атқардық, көп еңбектендік. Команданың жанында жүргендер бізге кәсіби тұрғыда қарағанымызды көрді. Мұз айдынында ойнайтын – хоккейшілер, сондықтан, олардан да сұрау қажет шығар. Біз олардың орнына алаңға шығып, ойнай алмаймыз, аластатылып жатқан да, гол жіберіп жатқан да – біз емеспіз. Мен бүкіл жауапкершілік менде екенін түсінемін, бірақ қалай болғанда да – біз бір командамыз. Қазір соңғы кезде барлық кінә бапкерден, ал ойыншылардың бәрі жақсы сияқты. Иә, ойыншылар жақсы, бірақ олар да бұл жауапкершілікті бапкерлер штабымен бірге көтеруі керек деп есептеймін. Бұл әділ болады.
БАСТЫ БЕТКЕ ОРАЛУ