logo
21 сентября 2022
ИИХФ Президенті Люк Тардифтің Қазақстанға жасаған сапарының қорытындысы

Халықаралық хоккей федерациясы (ИИХФ) делегациясының Қазақстанға ресми сапары аяқталды, оның құрамына Президент Люк Тардиф, вице-президент Петр Бржиза және бас хатшы Матти Нурминем кірді. Сапардың мақсаты – Азия өңірі мен Қазақстанда хоккейдің даму перспективаларын талқылау, Астана және Алматы қалаларында мұз спорты нысандарын, қонақ үй инфрақұрылымы мен көлік қолжетімділігін тексеру, хоккейден 2027 жылғы әлем чемпионатын өткізу перспективаларын талқылау.

Сапардың алғашқы күні – 15 қыркүйекте делегацияны Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қабылдады. Мемлекет басшысы 2027 жылғы әлем чемпионатын қабылдауға дайындығын растады. Турнир өткізетін елді таңдау 2023 жылдың мамырында өтеді, дауыс берудегі Қазақстанның қарсыластары Германия мен Норвегия болмақ.

 

«Рим Папасы мен Қытай Халық Республикасы Президентінің сапарларымен байланысты жұмыс кестесінің тығыздығына қарамастан, Президент Тоқаев ИИХФ Президентімен кездесуге уақыт тапты. Бұл – хоккейдің ел үшін қаншалықты маңызды спорт түрі екенінің дәлелі», - деді Люк Тардиф.

Сапар бағдарламасындағы келесі пункт Хоккейден Қазақстан Чемпионаты – Pro Hokei Ligasy-ның «Снежные Барсы» және «Арлан» командалары арасындағы матчын тамашалау болды. ИИХФ басшысы ҚХФ Президентімен бірге салтанатты түрде шайба лақтырды.

 

«Барыс-Аренаға» келу барысында Люк Тардиф кешеннің инфрақұрылымын қарап шықты, сонымен қатар Қазақстанның хоккей федерациясының Президенті Асқар Маминмен кездесу өткізді, онда Қазақстанда хоккейді дамыту мәселелері талқыланды.

Сонымен қатар Халықаралық федерация басшысы мұражайда Қазақстан хоккейінің тарихымен танысты.

 

Әрі қарай делегация Алматыға аттанып, онда Люк Тардифтің, Қазақстанның хоккей федерациясы (ҚХФ) басшысы Асқар Маминнің қала әкімі Ерболат Досаевпен және қаланың спорт басқармасы басшысы Ерден Хайруллинмен кездесуі болып өтті. Қала басшысы мегаполистің хоккейден әлем чемпионатын өткізуге дайындығын, сондай-ақ қажетті дамыған спорт және мейрамхана инфрақұрылымының барын растады. Қонақтар «Алматы-Аренаны» қарап, «Медеу» мұзайдыны мен «Шымбұлақ» тау шаңғысы кешеніне барды.

 

«Сапар Қазақстан 2027 жылғы әлем чемпионатын өткізуге өтінім беруге бел буған сәтпен тұспа-тұс келді. Ел басшылығы мұндай ауқымды халықаралық турнирді өткізуге қызығушылық пен құлшыныс танытты. Алматы мен Астана – ИИХФ-ның үлкен қауымын қабылдауға дайын, жоғары санатты мұз кешендері бар қарқынды дамып келе жатқан қос қала. Федерация президенті Асқар Мамин және ҚХФ қызметкерлері «Jas Nomad» және «Salem Hokei» сияқты хоккейді дамыту бағдарламаларымен танысуға мүмкіндік берді. Бізді естігеніміздің барлығы қуантты және Цюрихтегі кеңсежайыма Қазақстан хоккейінің болашағына алаңдамастан аттанамын», - деп қорытындылады Люк Тардиф.

Сапардың соңғы күнінде Халықаралық мұздағы хоккей федерациясы (ИИХФ) және Қазақстанның хоккей федерациясы (ҚХФ) өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы ұзақмерзімді Меморандумға қол қойды. Қол қою салтанатына ҚР Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев қатысты.

 

Күшіне енген келісімнің мақсаты – елімізде хоккейді барлық бағыттар бойынша дамыту аясында жан-жақты ынтымақтастық орнату.

Тараптар негізгі бағыттары балалар-жасөспірімдер, жастар және қыздар хоккейі бойынша жобаларды, оның ішінде инфрақұрылымды, сонымен қатар төрешілер және бапкерлер бағдарламаларын дамытуды көздейтін бірлескен жұмыстың маңыздылығын атап өтті. Айтып өтетін жайт, аталмыш ынтымақтастық ұзақмерзімді перспективаға бағытталған.

«Аталмыш Меморандум Қазақстан Республикасының аумағында ірі халықаралық турнирлерді өткізу аясында ғана емес, сонымен қатар балалар-жасөспірімдер, жастар және қыздар хоккейі сияқты басқа да маңызды бағыттарда қазақстандық хоккейді дамытудың жаңа перспективаларын ашуға мүмкіндік береді. ИИХФ Президенті Люк Тардиф пен оның командасына елімізге жасаған сапары, Астана және Алматы қалаларының инфрақұрылымымен танысуға уақыт бөлгені, сонымен қатар Халықаралық мұздағы хоккей федерациясымен бірлескен жобаларды іске асыруға деген дайындығы үшін алғыс білдіремін», - деп түйіндеді ҚХФ Президенті Асқар Мамин.

 

         

 

БАСТЫ БЕТКЕ ОРАЛУ