5 және 8 қараша аралығында Өскеменде хоккейден Азия қыздар чемпионаты өтеді. Медальдар үшін Қазақстан құрамасы Жапония, Қытай және Корея командаларымен тартысады.
Қыздар командалары арасындағы алғашқы құрлықтық турнир бір жыл бұрын Қытайда өткен болатын. Сол кезде біздің қыздар күрделі тартыста кореялықтарды буллит сериясында ұтып, «қола» медаль иеленді. Кейін командалар биылғы ақпанда өткен Азия ойындары аясында қайта кездесіп, онда біздің қыздар плей-офф кезеңінде Қытай мен Кореяны жеңіп, екінші орынды иеленді. Ал «алтынды» әйелдер арасындағы ИИХФ рейтингінде ең жоғары орында тұрған жапондықтар жеңіп алды. Сондай-ақ Күншығыс елінің өкілдері 2026 жылы Миланда өтетін Қысқы Олимпиада ойындарына жолдама алып, олимпиаданың іріктеу алдындағы турнирінде жеңіске жеткен еді.
Азиядағы әйелдер хоккейінің даму деңгейін командалардың нәтижелерінен байқауға болады – болашақ қарсыластарымыздың әйелдер құрамалары ерлер құрамаларына қарағанда жоғары дивизиондарда ойнайды. Мысалы, жапондықтар бірнеше жыл бойы әлем чемпионатының жоғарғы дивизионында өнер көрсетіп келеді, қытайлықтар жақында ғана элитадан шығып қалды, ал Корея құрамасы – біздің қыздардың IB дивизионындағы қарсыласы.
Халықаралық хоккей федерациясының әйелдер рейтингісінде Жапония құрамасы қазіргі уақытта – 7-орында, Қытай – 12-орында, Корея – 18-орында, ал Қазақстан 22-орында орналасқан (рейтингің соңғы жаңартылуы – 2024 жылдың сәуір айында). Рейтинг соңғы төрт жыл ішінде өткен Олимпиада ойындары, әлем чемпионаттары және олимпиаданың іріктеу алдындағы турнирлеріндегі нәтижелер негізінде қалыптасады.
Қазақстанда қыздар арасындағы хоккей жарыстары соңғы рет 2016 жылдың қараша айында өткен болатын. Ол кезде Астанада Қазақстанның қыздар құрамасы олимпиаданың іріктеу алдындағы екінші кезеңінде жеңіске жетті. Осылайша, Қазақстан қыздар құрамасы тоғыз жылдық үзілістен кейін алғаш рет өз елінде, жанкүйерлерінің алдында, қазақ хоккейінің отаны – Өскемен қаласында қайтадан мұзға шығады.
БАСТЫ БЕТКЕ ОРАЛУ