Юрий Михайлистің командасы тарихи сәттерді бастан кешіруде және әлем чемпионатында үш рет жеңіске жету – біздің құрама үшін ең биік жетістік. Германия құрамасын 3:2 есебімен жеңді және Қазақстан құрамасы мұнымен тоқтамақ емес. Матчтан кейін ұлттық командамыздың бас бапкері өткен матчқа қатысты пікір білдірді.
- Бір жарым кезең жақсы өтті, жақсы, жүйелі ойнады. Алайда бір гол салғаннан кейін тәртіп бұзылды, ойыншы аластатылды, қарсылас ойынды өз қолына алып, біз тұрып қалдық. Қайта үзілісте командамен сөйлесіп, өз ойынымыздан қайтпау керектігін айттық. Біз өз ойынымызды жалғастыруымыз керек, бір жарым кезең жақсы ойнап, қарсыласты тырп еткізбедік. Қарсыластың қақпасының алдында көптеген ұтымды сәттер ұйымдастырдық. Команда айтылғанды қаперге алып, финдар мен Латвияға қарсы ойнаған ойынды жалғастырды. Құлақ асқан жігіттерге рақмет, ішкі резервтерін қолданып, қалыпқа келіп, үшінші кезеңде өте батыл, тамаша ойнады. Жарайсыңдар! Мақтан тұтамын.
- Бүгін осындай нәтижелілік көрсететіндей шабуылда не өзгерттіңіздер?
- Жігіттерден қарсыластың қақпасына қарай баса-көктеп, кей жерлерде дөрекілеу, тартысты ойнауды өтіндім. Біз де, сіз де көріп отырсыз ғой, көптеген командалар жойқын тартысып жатады. Бізге кей жерлерде осы жетіспеді. Алайда жігіттердің бүгінгі шабысына ризамын.
- Плей-оффқа шығуға жақсы мүмкіндік бар, бұл тарихи жетістік болар еді, қандай да бір қысым жоқ па?
- Жоқ, ешқандай қысым жоқ, жігіттер түсінеді, бұл чемпионатта жан рақаттарына ойнап жүр. Олар елдегі үздік ойыншылар екенін, бүкіл Қазақстанның намысын арқалап жүргендерін жақсы біледі, оларға сенімдімін.
- Канаданы қалай жеңуге болады? Келесі қарсылас бұл турнирде сүрініп келеді. Оларды қайтіп жеңуге болады?
- Ертең біздің демалатын күніміз, жаттығу өткіземіз де, жігіттерді дайындаймыз. Әрбір командамен шығар алдында біз чемпионат басында айтқандай қазақстандық жанкүйерлер, туыс-жақындарымыздың алдында ұялмайтын етіп шығамыз, өзімізді көрсетеміз. Ал ойында бұйырғаны болады. Алайда бір айтарым: команда үшін ұялмайсыздар, олар шайқасып, жақсы нәтиже көрсетеді.
- Әзіл-қалжың аралас сұрақ: Латвия мен Финляндиямен матчқа алып шығып, АҚШ-пен матчқа алып шығуды ұмытып кеткен сиқырлы таяқшаңыз жоқ па еді?
- Жақсы сұрақ, екі ойында біз өте мықты ойнадық. Алайда бізге сиқырлы таяқша емес, эмоция жетіспеді. Алаң иелері мен алып көрінетін Финляндия құрамасын жеңдік те, АҚШ-қа эмоциямыз жетпей қалды ма екен. Алайда қарсылас та мықты, лайықты команда болды.
- Әдетте тежеуші функция атқаратын Акользин, Шевченко үлкен рөл ойнады. Бүгін осы күшпен ойнайтын форвардтар жеңіс әкелді деуге бола ма?
- Мен сізбен келісем, иә бүгін біз Артемді алаңға шығардық, себебі бұл жігіт күштік хоккейді тамаша ойнайды, шайбаны жата-жастана қаға алады. Бүгінгі ойында бастысы жанқиярлық болды. Біздің техникасы мол жігіттеріміз Старченко да, Рымарев те ойыннан тыс қалды демеймін, олар тамаша ойнады. Ойынға барын салды және бұл нәтиже берді.
- Сіз алған екінші бейнеқайталау туралы не айтасыз?
- Бірінші сәт – ойыннан тыс болды, қарсылас біздің аймаққа уақытынан бұрын кірді және бұл ақталды. Екінші сәт те даулы еді, есеп 1:1 болып тұрған жерде қарсыласқа мүмкіндік бермей, бұл есепті соңына дейін ұстап, өз сәтін күтуі керек еді. Сондықтан бейнеқайталау сұрадық, голды есепке алып, ойыншы аластатылғаннан кейін аз құраммен төтеп берген жігіттерге рақмет. Барлығы ерледі.
- Үшінші кезеңде немістер ережелерді бұза жаздап, өте эмоционалды түрде ойнады. Сіздің сөздеріңіз естілді, бұл сәт қаншалықты шешуші болды?
- Мұның бәрі үзілісте болды, біз жігіттермен сөйлестік, олар үшінші кезеңге жеңу үшін шықты. Мен жігіттердің көзінен сенімділік пен жеңіске деген сенімді көрдім, матчты жеңіске жеткіземіз деген құлшыныс болды. Біз ойынды қарсылас аймағына ауыстыруға тырыстық, қарсыласты көп тықсырумен болдық. Мен жігіттерге, жеңетінімізге сенімді болдым. Сәттілік бізге серік болды. Ерте ме, кеш пе біздің командамызға бақ қонуы керек болатын. Себебі әрбір ойында біз соншама күш пен эмоция жұмсаймыз, барымызды саламыз. Негізгі уақытта жеңгенімізге қуаныштымын, жүйкені жұқартатын овертаймдар мен буллиттер болған жоқ.
- Бірінші өтініш білдіргеніңізде «ойыннан тыс» екеніне сенімді болдыңыз. Осы сәтті нақтырақ айтып берсеңіз.
- Әрине, видеотренер айтты, Сергей Тамбулов тамаша жұмыс жасады, бұл керек болды және дер кезінде айтылды.
- Сіздер қазір тарихи сәттердің авторысыздар. Қазақстан хоккейінің тарихын жазып жатқандарыңыз туралы түсінік бар ма әлде бұған мән бермейсіздер ме?
- Иә, бұған мән бермеймін.
БАСТЫ БЕТКЕ ОРАЛУ