logo
Юрий Михайлис: «Мінез көрсеттік»

Канада құрамасына қарсы матчта Қазақстан командасы екі рет есеп бойынша алға шықты, алайда нәтижесінде 3:6 есебімен жеңіліске ұшырады. Командамыздың бас бапкері өткен матчқа қатысты журналистерге берген сұхбатында пікір білдірді.

- Жақсы ойын болды, жігіттердің барлығы жарады, бүгін мінез көрсеттік, командалық жігер болды, жігіттер мұзға шығып, әрқайсысы 120 пайызға барын салды, барлығы мықты. Әрине, Канада құрамасының деңгейі біздікінен жақсырақ шығар, алайда мінез көрсетуден, тартысудан, құлшыныс жағынан дес бермедік. Сәл жолымыз болмаған шығар, жіберген қателіктерімізді түзетіп, келесі ойынға дайын боламыз.

- Әрбір ойын сайын команда жақсырақ ойнап келе жатыр, әлем чемпионаты алдында практика жетіспеді ме?

- Мен бұған дейін айтқанымдай, бізде небәрі Латвиямен екі ойын болды, әрине бұл аз, басқа командалар чемпионат алдында 5-6 матчтан ойнады. Алайда қолда бар мүмкіндіктермен біз жолдастық матчтарға қарсыластар таба алмадық.

- Виктор Сведберг біршама уақыт бойы мұзға шықпады, оған не болды?

- Жарақат алды, дәрігер онымен айналысуда.

- Канада сияқты шабуылдаушы командалармен ойнаған тамаша шығар?

- Әрине, бала кезден барлығы Канада құрамасына қарсы ойнауды армандайды. Және бүгін біздің жігіттер мұзға шыққанда мұндай алыпқа қарсы бұқпантайлап қалмады. Теңдей ойнады, ұтымды сәттер болды, біз әлі де сала алар едік, шабуылдаушы хоккей ойнауға деген құлшыныс жоғары, көбірек салуға тырысу керек. Тағы да Андрей Шутов ойын барысында барлығына серпіліс берді, бұл командаға деген сенімді ұялатады. Келесі ойында тек жеңіске жетуге ниеттенеміз.

- Словактардың ойындарын қарадыңыздар ма, олар қалай ойнайды?

- Әлем чемпионатындағы командалардың барлығы дерлік шабуылдаушы хоккей көрсетеді. Әрине, кей тұстарда ситуцияға қарап, өзгеріп отырады, алайда негізінен шабуылда. Словакия да сондай.

БАСТЫ БЕТКЕ ОРАЛУ