logo
28 мая 2021
​Юрий Михайлис: «Жігіттер лайықты ойын көрсетті»

Қазақстан құрамасы әлем чемпионатында екінші рет жеңілді. Бұл жолы канадалықтар басым түсті. Әйтсе де, үшінші кезеңде есеп теңестірген біздің хоккейшілердің жеңіске жетуге барлық мүмкіндіктері болды. Нәтиже – 2:4, канадалықтар турнирдегі екінші жеңістерін тойлады. Матчтан кейінгі баспасөз конференциясында Қазақстан құрамасының бас бапкері өткен матчқа қатысты пікір білдірді.

- Юрий Владимирович, өз командаңыздың ойынына қандай баға бересіз?

- Барлығы жарады, өте жақсы ойнады, бастысы мықты қарсыластан қаймықпай, Канадаға қарсы мықты ойнады. Және біздің жігіттер бүгін лайықты ойын көрсетті. Қаншама гол салатын сәттер ұйымдастырды, есепті теңестіріп, тіпті алға шығып кетуіне болар еді. Алайда қарсыластың қақпашысы мызғымады, біздің қақпашы да жақсы ойнады. Бұған дейін айтқанымыздай, жігіттер әрбір ойынды жанын салып ойнайды. Бүгін ауыз толтырар ойын болды.

- Бұл ойыннан қандай сабақ алып, келесіде нені қолға алар едіңіз?

- Бірінші кезекте – тәртіп. Екінші кезеңде ойыннан аластату көп болды, бізге ондайға жол беруге болмайды. Сегіз минуттық айып – бұл өте көп. Қанша күш жоғалттық, ең бастысы осы тәртіпті жолға қою шығар.

- Неліктен Шутовты қоюға бел будыңыздар және неліктен Рымарев ойнамады?

- Женя Рымаревті біз ертеңге дайындап жатырмыз, Канаданың күштік хоккей ойнайтынын білгендіктен, алаңға күшті форвардтарды шығардық. Ал Шутовқа қатысты: ол әрбір ойынға дайындалып, дайын отырады, жақсы ойын көрсетті. Нұр-Сұлтандағы Ресейге қарсы матчты алсақ, сол кезде де команданы құтқарды, бүгін де мызғымады. Біздің екі қақпашымыз бар, бұл – үлкен олжа.

- Әзірге солтүстікамерикалық құрамаларды жеңе алмай жатырмыз, келесі ойында нені ескеру керек?

- Ең бастысы құлшыныс, мінез, тіпті кейде дөрекілік те керек шығар. Солтүстікамерикалықтар сонысымен ерекшеленеді, соңына дейін беріспейді, қақпаға баса-көктеп кіреді.

- Ағайынды Даниярлардың ойынын қалай бағалайсыз?

- Жақсы ойнады, тұтас команда жақсы ойнады, ерледі, тартысты-таласты.

- Екінші кезеңдегі аластатулар ықпал еткен болар. Үшінші кезеңге күш-қуат жетпей қалды ма?

- Әрине, барлығы қабаттасып, шаршаңқылық бар, алайда жігіттер үшінші кезеңде әлгі сегіз минуттық айып болмағандай шығып, қақпаға шабуылдады. Құлшыныс болды, бәлкім ішкі резервтерін жиды ма екен. Және үшінші кезеңде қорғанысқа кетпей, бөтен қақпаға шайба дарытуға тырысты.

- Жігіттерді таңғы Италиямен матчқа дайын ету қаншалықты қиын болмақ?

- Оңай болмасы анық, жігіттерден кешкі астан кейін мейлінше дереу жатып, ұйықтап, тынығуды өтіндім. Шамамыз келгенше тынығып аламыз.

- Сәрсенбі күні Ұлыбританиядан жеңілгеннен кейін Беларусьтің бас бапкері Захаров сіздердің ойындарыңыз ұнайтынын және Қазақстан плей-оффқа міндетті түрде шығатынын айтты. Оның әлденеден хабары бар ма?

- Біз онымен сөйлескенбіз, бізді плей-оффқа шығады деп, достарымен бәстескенін айтты. Тек белорустардың ғана емес, бүкіл Қазақстанның үмітін ақтауға тырысамыз.

- Никита Михайлистің дублін қалай бағалайсыз?

- Былай дейін: бірінші гол жақсы болды, қарсы шабуыл да жақсы болды, жағдайды бағамдап, жақын бұрышқа дөп салуға уақыт жеткілікті болды. Екіншісіне тамаша комбинация жасалды: Савицкий Кирилл берді, Кертис жақсы жақындатты, әрі қарай дөп салу ғана қалды.

- Ертеңгі қақпашының жайы шешілді ме?

- Жоқ, әлі ойланып отырмыз.

БАСТЫ БЕТКЕ ОРАЛУ