logo
12 апреля 2023
Виктория Сазонова: «Қыздардың дайындығы жақсы, ынтасы жоғары»

Хоккейден Қазақстан қыздар құрамасы Кореяға аттанып, онда бірінші дивизионның «В» тобында әлем чемпионатына дайындықты жалғастырады. Командамыздың бас бапкері Виктория Сазонова әлемдік біріншіліктің алдындағы команданың дайындығы туралы ҚХФ баспасөз қызметіне берген сұхбатында айтып берді.

- Биылғы құрам Қазақстан чемпионаты нәтижелері негізінде жасақталды, біз ойыншыларды бақылап, статистика жүргізіп отырдық, құрамаға кемінде үш қала – Өскемен, Алматы және Астана өкілдерінің теңдей дерлік саны енді. Мұнда әлем чемпионатына алғаш қатысқалы отырған ойыншылар да бар. Алайда қыздардың дайындығы мықты, ынтасы жоғары, құрама үшін ойнауды олардың көпшілігі бірнеше жылдан бері армандап келеді. Алайда құрамға енбей жүрді. Қазір осындай мүмкіндік туып отыр, олардың күш-жігерімен, құлшынысымен жеңеміз деп ойлаймын.

- Қазақстан чемпионы ауысты, осыған байланысты қыздар хоккейінің дамуы жөнінде не айтасыз?

- Шын мәнісінде, мен ешқандай біржақтылық танытқам жоқ, менің мақсатым құраманы жасақтау болды. Мен қыздардың қай командада – «Айсұлу», «Томирис» немесе «Торпедода» ойнайтынына қарамастан, әрбір ойыншы үшін тақымымды қыстым. Биыл тіптен жас күйінде келген «Юность» үшін де қобалжыдым. Чемпионның ауысқаны – керемет. Біздің чемпионатта бәсеке артты деген сөз. Егер бұрын алматылық команда сөзсіз жеңіп отырса, биылғы орындардың ауысуы келесі маусымда білекті сыбанып, барлығын еңбектенуге ынталандырады. Әрбір команда чемпион бола алатынын дәлелдеді.

- Өткен жылы юниор қыздар арасындағы әлем чемпионатына алғаш рет бас бапкер ретінде өзіңіз апарған жас қыздар үшін алаңдаған боларсыз? Олардың кейбірін құрамадан байқадық, жастар туралы не дейсіз?

- Алғашқы жиналысты өткізгенде мен мұнда екі жас ойыншы – Катрин Мескини және Мадианна Нусупова бар екенін хабарладым. Өздерінің юниорлар құрамасындағы ойынымен олар осында ойнауға лайықты екендерін көрсетті. Әлем чемпионатында оларда ойын уақыты болар-болмасын тестілік ойындарда анықтаймыз. Алайда сабақтастық міндетті түрде болуы тиіс. Нәтиже, ынта көрсеткен адамдар ересектер деңгейінде ойнауға мүмкіндік алуға құқылы.

- Әлем чемпионатындағы бәсекелеспен жолдастық матч ойнау қаншалықты тиімді?

- Біз Ұлыбритания командасымен бір жолдастық матч өткіземіз және солармен чемпионатты бастаймыз. Бұл эмоционалдық тұрғыдан көбірек тиімді, ойыншыларда қобалжу болатыны анық. Тестілік матчтар барлық қобалжуды тестілік ойындарда қалдыру үшін өткізіледі.

- Астанада өткен дайындық туралы айтып берсеңіз.

- Бапкерлер штабында чемпиондар командасының бапкері – Александр Тебеньков, Наталья Яковчук бар. Біз бапкерлер командасымен ұйымдасқан түрде спортшылармен жұмыс жасап жатырмыз. Дайындық бағдарламасының қысқа екені түсінікті, Астанада барлығы бес-ақ күн өткіздік, оның бір күнін ғана тестілік екіжақты ойынға бөлдік. Қалған күндерін таңғы жаттығуда 5-ке 5 тактикасымен жұмыс жасап, кешке тең емес құрамдардағы ойындарға төселетіндей бөлдік. Қазір қыздар бір-бірімен тіл табысып, өзара ойнап кетсе болғаны.

- Сіз алғаш рет қыздар құрамасының бас бапкері ретінде Қазақстанның намысын қорғауға барғалы жатырсыз, юниор қыздармен жұмыс жасадыңыз. Алайда мұнда ересектер құрамы...

- Ересектер құрамасы екенін бөлек, кейбір ойыншылармен құрама ішінде бірге өнер көрсеткенбіз тіпті. Әрине, қобалжу бар. Алайда қобалжу ол жауапкершілік артылған жерде болады деп есептеймін. Қобалжуды бапкерлерге де, ойыншыларға да жеңуге тура келеді. Нәтиже үшін уайымдамаған адам ғана қобалжымайды.

- Негізгі құрамның қазіргі ойыншыларынан кіммен бірге ойнадыңыз?

- Лариса Свиридова, Татьяна Королева, Дария Молдабай. Дария жастау, мен негізгі ойыншы болғанда, олар енді бастап жатқан. Сондай-ақ Дарья Дмитриевамен бірге ойнадық. Ол тіпті өткен әлем чемпионатында юниор қыздар командасының бапкерлер штабында қақпашылар бапкері ретінде қызмет етті.


БАСТЫ БЕТКЕ ОРАЛУ