Қазақстан хоккей федерациясының (ҚФХ) бас директоры Азамат Айтхожин Quebec International Pee-Wee Hockey Tournament турнирінің чемпиондары атанған Astana Team командасының жаттықтырушыларымен Владимир Захаров пен Владимир Матюхинмен кездесті. Кездесу барысында Федерация басшылығының атынан жаттықтырушылар мен команда ойыншыларына алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табысталды.
«Astana Team» командасының осындай беделді халықаралық турнирдегі жеңісі – біздің жас хоккейшілеріміздің лайықты нәтижесі және еліміздегі хоккейдің дамып келе жатқанын көрсетеді, – деп атап өтті Азамат Айтхожин. – Ең алдымен, бұл ойыншылардың өздері үшін маңызды тәжірибе және үлкен мотивация. Осындай деңгейдегі турнирге қатысу әртүрлі елдердің командаларымен ойнап, өз мүмкіндіктерін сынауға, ірі халықаралық жарыстың атмосферасын сезінуге және алдағы мақсаттарын айқындауға мүмкіндік береді. Жас спортшылар үшін бұл – қалыптасудың маңызды кезеңі. Бұл жеңіс – команданың, жаттықтырушылардың және ата-аналардың күнделікті еңбегі, тәртіп пен мінезінің нәтижесі. Балалардың Қазақстанды лайықты танытып, өздерін көрсете алғанына қуаныштымыз.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тарапынан жас спортшылардың жетістіктеріне көрсетілген назар үшін алғысымызды білдіреміз. Президенттің қолдауы балалар үшін аса маңызды: бұл оларды жігерлендіріп, өз күшіне деген сенімді нығайтады және балалар спортын дамытудың маңызын айқындай түседі. Команданы жеңісімен құттықтап, алдағы уақытта да жаңа белестерді бағындыруына тілектеспіз», – деді ҚФХ бас директоры.
Еске сала кетейік, Канаданың Квебек қаласында өткен Quebec International Pee-Wee Hockey Tournament 2026 турнирінде Қазақстан командасы – Astana Team 2013 жылы туған балалар арасындағы күштілігі бойынша екінші саналатын AA Elites дивизионында жеңімпаз атанды.
Қазақстан құрамына «Торпедо», «Астана», «Юность» командаларының ойыншылары, сондай-ақ Алматының «Тайгерс» клубынан және «Академия Михайлова» командасынан бір-бір хоккейші кірді. Бір жыл бұрын қазақстандық команда осы жас санатында және осы дивизионда күміс жүлдеге ие болған еді.
Топтық кезеңдегі барлық матчтарда жеңіске жеткен қазақстандық команда плей-офф кезеңіне шықты. Ширек финалда турнир қожайындары – Quebec Nordiques командасын 3:1 есебімен, жартылай финалда Quebec Remparts клубын 2:1 есебімен жеңді. Ал финалда Noir d'Or des Montagnes командасымен өткен тартысты кездесуде буллиттер сериясында 4:3 есебімен басым түсіп, турнир чемпионы атанды.
Quebec International Pee-Wee Hockey Tournament – Канадада жыл сайын өтетін халықаралық жасөспірімдер хоккей турнирі. Жарыс BB, AA, AA Elites және ең жоғары – AAA дивизиондарына бөлінеді, сондай-ақ қыздар дивизионы бар. Осы жеңістің арқасында «Astana Team» келесі жылы AAA дивизионына көтерілу мүмкіндігіне ие болды. Дивизионды жоғарылату туралы шешімді турнирдің ұйымдастыру комитеті қабылдайды.
БАСТЫ БЕТКЕ ОРАЛУ