logo
26 сентября 2026
Астанада Қазақстан хоккей федерациясының Республикалық конференциясының отырысы өтті
Астанада Қазақстан хоккей федерациясының (ҚХФ) Республикалық конференциясы өтті. Оған мемлекеттік органдар өкілдері, өңірлік филиалдар, хоккей клубтары мен балалар-жасөспірімдер спорт мектептері басшылары қатысты. Конференция басталар алдында қатысушылар Маңғыстау облысында қаза тапқан әскери қызметшілерді бір минут үнсіздікпен еске алды. Конференция барысында Федерацияның атқарған жұмысы туралы есеп қаралып, «Жетістікке жету жолындағы сегіз қадам» атты Қазақстан хоккейін 2032 жылға дейін дамыту стратегиясының басым міндеттерін іске асыру барысына ерекше назар аударылды. Конференцияға қатысушылар есепті кезеңде қол жеткізілген негізгі тиімділік көрсеткіштерін егжей-тегжейлі талқылады. Федерация аталған Стратегияның барлық бағыттары бойынша жүйелі жұмысты жалғастыруда. Стратегия өзара байланысты және маңыздылығы теңдей сегіз міндетті қамтиды. Үш жыл ішінде Федерация жаттықтырушыларды даярлау және аттестаттау жүйесін қалыптастырып, олардың санын 20%-дан астамға – 303-тен 371-ге дейін арттырды, сондай-ақ хоккейді ғылыми-әдістемелік қамтамасыз етуді бірлесіп дамыту мақсатында Қазақ ұлттық спорт университетімен келісім жасасты. Хоккеймен айналысатын балалар саны 3,6 мыңнан 9 мыңға дейін өсті, ал хоккей мектептерінің саны екі еседен астамға артты. 13 пен 17 жас аралығындағы жас санаттары үшін балалар жарыстарының жүйесін жетілдіру аясында плей-офф және плей-аут кезеңдері бар тұрақты чемпионат енгізілді. Есепті кезеңдегі маңызды нәтижелердің бірі – Ұлттық құрамалар институтының құрылуы болды. Балалар-жасөспірімдер хоккейінен бастап ұлттық құрамалар деңгейіне дейін ойыншылар мен жаттықтырушылардың кәсіби өсуін жүйелі түрде сүйемелдеуге мүмкіндік беретін дайындық сабақтастығы қалыптастырылды. Бұл жұмыстың маңызды бөлігі төрешілер корпусын дамыту болды. Есепті кезеңде Халықаралық шайбалы хоккей федерациясының (IIHF) квоталары шеңберінде халықаралық өкілдігі бар қазақстандық төрешілер саны 9-дан 13 маманға дейін өсті, олардың ішінде үш әйел төреші бар. Жергілікті атқарушы органдармен мұз нысандары жобаларын іске асыру бойынша бірлескен жұмыс инфрақұрылымды кеңейту мәселесін кешенді түрде шешуге мүмкіндік беруде: республикадағы жабық мұз ареналарының саны 35%-дан астамға – 39-дан 53 нысанға дейін артты. Қол жеткізілген көрсеткіштер Стратегияны іске асырудың келесі кезеңіне негіз болмақ. Федерация құрылымындағы жаңа бағыт – пара хоккей. Қазақстан хоккей федерациясы бейімделген хоккейді жүйелі дамыту міндеттерін өз мойнына алады. Ауқымды міндеттердің іске асырылуын Федерация басшылығының жаңартылған құрамы қамтамасыз етеді. Өткен Конференция барысында басқару органдарына сайлау өткізіліп, ҚХФ Атқарушы комитетінің жаңа мүшелері сайланды. Қазақстанның ұлттық құрама командаларының 2026/27 маусымына арналған жаттықтырушылар құрамы бекітілді. БАСТЫ БЕТКЕ ОРАЛУ