logo
8 ноября 2026
Азияның үш дүркін чемпионы! Қазақстан құрамасы қатарынан үшінші рет алтын медаль жеңіп алды

Қазақстан ерлер ұлттық құрамасы Оңтүстік Кореяның Чонджу қаласында 5–8 қараша аралығында өткен хоккейден Азия чемпионатының жеңімпазы атанды.

Турнирдің қорытынды матчында Талғат Жайлауов шәкірттері жарыс қожайындары — Оңтүстік Корея құрамасымен кездесті. Негізгі уақыт пен овертаймда есеп ашылған жоқ. Ал буллиттер сериясында Қазақстан құрамасы 4:3 есебімен жеңіске жетті.

Қазақстандық хоккейшілер сапында Артур Гросс, Евгений Рымарев (екі рет) және шешуші буллитті орындаған Диас Гусейнов мергендік танытты. Сондай-ақ, матч бойы қарсыластың қақпаға шайба салуына мүмкіндік бермеген Владислав Нурек ерекше көзге түсті.

Бұған дейін ұлттық құрама турнир аясында екі жеңіске қол жеткізді. Алғашқы матчта Қазақстан Жапония құрамасын 3:2 есебімен жеңді. Команда сапында Максим Мухаметов, Александр Мигунов және Кирилл Никитин шайба соқты.

Екінші кездесуде Қазақстан Қытай құрамасын 5:0 есебімен ойсырата жеңді. Бұл матчта Саян Данияр дубль авторы атанса, Артур Гатиятов, Оскар Юлбарисов және Максим Мухаметов бір-бір шайбадан өз есептеріне жазды.

Осылайша, Қазақстан құрамасы турнирді жеңіліссіз аяқтап, сегіз ұпай жинады және қорытынды турнирлік кестеде бірінші орынға ие болды.

Қорытынды турнирлік кесте:

Қазақстан — 8 ұпай

Жапония — 6 ұпай

Оңтүстік Корея — 4 ұпай

Қытай — 0 ұпай

Қазақстан құрамасы Азияның үш дүркін чемпионы атанды! Ұлттық құрама Халықаралық шайбалы хоккей федерациясының (IIHF) ұйымдастыруымен өткізілген Азия чемпионатының үш турнирінде де жеңіске жетті: 2024 жылы Алматыда, 2025 жылы Бейжіңде, ал биыл Оңтүстік Кореяның Чонджу қаласында топ жарды.


БАСТЫ БЕТКЕ ОРАЛУ