logo
14 апреля 2026
Талғат Жайлауов: «Мақсат – элиталық дивизионға жолдама алу»
Қазақстан ұлттық құрамасы кеңейтілген құрамда оқу-жаттығу жиынын бастады. Командаға PRO Ligasy финалында өнер көрсеткен «Номад» пен «Сарыарқа» клубтарының хоккейшілері де қосылды. Ұлттық құраманың бас бапкері Талғат Жайлауов Қазақстан хоккей федерациясының баспасөз қызметіне берген сұхбатында команданың жасақталуы туралы айтып берді. – Талғат Бақытбекұлы, ұлттық құраманың кеңейтілген құрамы жиналды. Құрамда жаңа ойыншылар көп. Команданың жасақталуы туралы айтып өтсеңіз. – Толық құраммен жиналу мүмкін болмады. Өйткені бірқатар хоккейшілер Қазақстан чемпионатының финалында өнер көрсетті. Сондықтан Қазақстан жастар лигасында және финалда ойнаған жігіттерді шақырдық. Олар үшін бұл үлкен тәжірибе әрі алдағы дамуына оң әсерін тигізеді деп ойлаймын. Қазір негізгі ойыншылардың басым бөлігі келіп үлгерді, іс жүзінде толық құраммен дайындалып жатырмыз. – Минскіде өтетін оқу-жаттығу жиынына баратын құрам қалай анықталады? – Қазіргі таңда кеңейтілген құрамда шамамен 37 ойыншы бар. Олар екі күн қатарынан өзара жолдастық матчтар өткізеді. Әлем чемпионатында да қатарынан бірнеше ойын күтіп тұрғандықтан, осындай форматты таңдадық. Құрамды анықтағанда әр хоккейшінің қазіргі спорттық бабына және осы кездесулердегі ойынына назар аударамыз. – Жанкүйерлерді «Металлург» клубының ойыншылары Никита Михайлис пен Валерий Ореховтың жағдайы қызықтыратыны анық. Олар қазір плей-офф кезеңінде өнер көрсетіп жатыр. Оларды күтіп отырсыздар ма? – Әрине, олардың ойынын жіті бақылап отырмыз. Никита мен Валерийдің командасы серияда 3:0 есебімен алда келеді, сондықтан басымдық «Металлург» жағында. Оларды ұлттық құрамадан көргіміз келеді. Дегенмен бәрі плей-оффтың қалай аяқталатынына байланысты болады. Соған қарай түпкілікті шешім қабылдаймыз. – Тізімде Евгений Рымарев те бар. Ол әлі Словакияда ойнап жүр ме? – Маусым бойы онымен байланыста болдық. Ол Жоғары хоккей лигасынан Словакия чемпионатына ауысқан кезде де сөйлестік. Ең бастысы – барлық қажетті құжаттарын уақытында рәсімдеп, маусымды жарақатсыз аяқтаса болғаны. – Әлем чемпионатындағы басты мақсат қандай? – Міндетіміз нақты қойылған. Біз жауапкершілікті толық сезінеміз. Негізгі мақсат – элиталық дивизионға жолдама алу. БАСТЫ БЕТКЕ ОРАЛУ