logo
28 апреля 2026
Талғат Жайлауов: «Гол соғу үшін әбден еңбектену қажет»
Словения құрамасына қарсы өткен жолдастық кездесу Қазақстан құрамасының 2:1 есебіндегі жеңісімен аяқталды. Ұлттық құраманың бас бапкері Талғат Жайлауов Қазақстан хоккей федерациясының баспасөз қызметінің сұрақтарына жауап берді. – Талғат Бақытбекұлы, бірінші кезең 0:0 есебімен аяқталды. Бастаманы өз қолдарыңызда ұстадыңыздар, бірақ екінші кезеңде словениялықтар ойынды теңестіріп, алғашқы болып гол соқты. Бұған не себеп болды? – Иә, ойынды белсенді бастадық, жақсы мүмкіндіктер болды. Гол соғу үшін әбден еңбектену қажет – қақпа алдына көбірек барып, қара жұмысты атқару қажет. Екінші кезеңде ойын теңесті, статистика бойынша да қарсыластан көп соққы жасадық, бірақ гол жіберіп алдық. Кезең соңында шайбаны ойынға қосу сәтін жақсы ұйымдастырып, оны ұтып алдық, қақпаға бағытталған соққыдан кейін рикошет болып, гол соқтық. Бізге дәл осындай голдар керек. – Үшінші кезеңде көп уақыт өз аймақтарыңызда қорғануға тура келді. Қарсылас қысым көрсетті ме? – Иә, олар тактикаларын өзгертті, алғашқы екі кезеңде басқаша ойнады. Бірақ біз қазір дайындық үстіндеміз және қарсыластың белсендірек ойнағаны біз үшін пайдалы. Олар расында бастаманы қолға алды, бірақ бұл жерде Роман Леонидовичтің шеберлігі көмектесті. – Роман қашанғы сүйрей бермек? – Жастарымыз өсіп, жоғары деңгейдегі ересек хоккей көрсеткен кезде бізде де жаңа Роман Старченколар пайда болады. – Беларусьтегі командалармен де ойнадыңыздар, бірақ осы матч шын мәнінде пайдалы тексеріс болды деуге келе ме? – Иә, бұл элиталық дивизионда өнер көрсететін жақсы команда. Құрамында тәжірибелі ойыншылар көп. Олардың орташа жасын нақты білмеймін, бірақ кейбірімен кезінде бірге ойнағаным есімде. Қателесуім де мүмкін. Жолдастық кездесулердің мақсаты да сол – өз ойыныңды, ойыншылардың байланысын тексеру. Әлі де өтінімге қоса алмай отырған бірнеше хоккейші бар, алдағы екі күнде бұл мәселені шешеміз. – Яғни екі күннен кейін құраманың нақты тізімі белгілі бола ма? – Иә. Осы ойынды тағы бір саралап шығу керек. Матч ауыр өтті, енді дайындықты жалғастырамыз. – Әлем чемпионатына дайындық деңгейін қалай бағалайсыз? – Биыл жаңа ойыншылар, жастар көп. Олармен жұмыс істеп жатырмыз, қандай ойын көргіміз келетінін және қалай дұрыс әрекет ету керектігін түсіндіруге тырысамыз. Жұмыс әлі жалғасуда. Чемпионат басталғанға дейінгі екі-үш күн ішінде бәрін реттеп, ойыншыларға жеткізіп, қалпымызға келіп, жарысқа дайындалуымыз керек. – Бұл матч қандай мәселелерді көрсетті, қай тұстарды әлі де жетілдіру қажет? – Біріншіден, қарсыластың қысымынан дұрыс шығу. Екіншіден, гол соғу мәселесі – қақпа алдындағы ойынды күшейтіп, батылырақ әрекет ету керек. Сондай-ақ шайба жоғалтулар бар. Олар көп емес, бірақ ортаңғы аймақтағы мұндай қателіктер шешуші рөл атқаруы мүмкін. Сондықтан оларды барынша азайту қажет. БАСТЫ БЕТКЕ ОРАЛУ