logo
3 мая 2026
Талғат Жайлауов: «Бүкіл құрам жақсы ойын көрсетті»
Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Талгат Жайлауов бірінші дивизионның А тобындағы әлем чемпионаты аясындағы екінші матчта ұлттық құраманың Жапонияны 6:0 есебімен жеңгені жөнінде пікір білдірді. - Ойынның ерте өткенін түсінеміз, сондықтан қалыпқа келуге уақытымыз аз болды. Бірақ командалық әрекеттер біртіндеп қажет деңгейге келе бастады. Бүгін бүкіл құрам жақсы ойын көрсетті. - Тағы да бірінші кезеңде гол салынбады. Жапонияның жылдамдығына үйрену қажет болды ма? - Иә, әр команданың өз ойын өрнегі бар. Біз қарсыласты алдын ала талдаймыз, алайда матч 60 минут бойы жүреді, сондықтан қорғанысты бұзу оңай емес. Қарсыластың қақпашысы да жақсы ойнады. Алайда біз жолын таптық, жігіттер жақсы гол салды, матчты бақылауда ұстады. - Құрамда өзгерістер болды. Біз оны өткен ойында да байқадық, үшінші кезеңде қорғаушылар жұптарын сәл-пәл өзгерттіңіздер. Бұл өзгерістер өз жемісін берді ме? Қалай ойлайсыз? - Ойынымыз жүре бастады, біз бірінші матчта голдар салдық та, нәтиже беріп тұрған осы үйлесімдерді қалдыруға бел будық. Құрам жұмыс істеп тұрса, ештеңе өзгертудің, жаңа ешнәрсе іздеудің қажеті жоқ. - Десе де Батырлан Мұратов бірінші топқа көбірек жараса ма? - Біз әлі де команданың ең тиімді ойын үлгісін іздеп жатырмыз. Меніңше, жігіттер бір-біріне енді ғана үйренісіп, өзара үйлесім табуда. Бірақ негізінен көпшілігі маусым барысында бірге ойнап көрген. - Сіз «Барыстың» бапкері ретінде «Номад» пен басқа клубтардың ойыншыларын үнемі бақылап жүресіз ғой. Қазір ұпай саны жағынан да, ойыны жағынан да өзін жақсы көрсетіп жүрген Артур Гатиятов. Оның «Барысқа» ауысу ықтималдығы қаншалықты жоғары? - Мен оның шорт-листте бар екенін нақты білемін. Маусым басында бәрі өзіне байланысты болады. Маусымның басында-ақ біз оның «Номадта» қалуы үшін күрестік – бұл біздің бастамамыз еді. Көп әңгіме болды, бірақ біз өз ұстанымымызды қорғап қалдық, ал ол бүкіл маусым бойы жақсы хоккей көрсетіп келеді. - Өткен екі матч пен сегіз жаңа ойыншы туралы айтсақ, командада алғаш рет өнер көрсеткен жас жігіттерге сенім артып, тәуекелге барғаныңызға көңіліңіз тола ма? - Олар біртіндеп қарқын алып келеді. Маған олардың ойын тапсырмаларын қалай орындайтыны, қалай ойнап, өзара әрекеттесетіні ұнайды. Әрине, кей тұстарда әлі де балалар хоккейінің белгілері байқалады, сондықтан біз оларға бұл енді ересектер хоккейі екенін, мұнда анағұрлым байыпты ойнау керектігін түсіндіруге тырысамыз. БАСТЫ БЕТКЕ ОРАЛУ