logo
8 мая 2026
Талғат Жайлауов: «Жігіттер жарады, мен оларды мақтан тұтамын»
Қазақстан құрамасының бас бапкері Талғат Жайлауов Украинаға қарсы өткен матчтан (5:4 Б) кейін журналистерге пікір білдірді. – Жеңіспен және элиталық дивизионға жолдама алуларыңызбен құттықтаймыз. Қазіргі көңіл-күйіңіз қандай? – Әрине, шаршау бар, бірақ өте қуаныштымын. Біз Қазақстан үшін үлкен іс атқардық. Жігіттер жарады, мен оларды мақтан тұтамын. Менің ойымша, бүкіл ел командамен мақтанады. Бүгін өте ауыр матч болды. Сәттілік серік болды деп айта алмаймын, жай ғана шеберлігіміз сәл жоғарырақ болды. – Қақпашыға қатысты айтсақ, төрт шайба жіберіп алды. Бұл оның әдеттегі көрсеткішінен көп. Қорғаныстағы ойынға қаншалықты көңіліңіз толмайды? – Сол баяғы қателіктер болды. Бірақ бұл – хоккей, бәрі де қателеседі. Біз – бір командамыз. Бір ойыншының қатесін екіншісі түзетуі керек. Қалай болды, солай болды. – Әлем чемпионаты қарсаңында құрамға байланысты көп пікір айтылды. Сіз жас ойыншыларға сенім арттыңыз және олар өздерін жақсы көрсетті. Олардың ойыны туралы не айтасыз? – Мен олардың деңгейін көтеретініне сендім және әр матч сайын олар шынымен де жақсырақ ойнай түсті. Демек, таңдауымыз дұрыс болған. Біз құрамды есімдеріне қарап емес, дәл осы кезеңде өзін жақсы қырынан көрсеткен ойыншыларға қарап жасақтадық. Дұрыс шешім қабылдадық деп ойлаймын. Бірақ әлем чемпионатына бармаған жігіттер де осы құраманың бір бөлігі. Белгілі бір деңгейде бұл жеңісте олардың да үлесі бар. – Бұл ойыншылар үшін алғашқы әлем чемпионаты болса, сіз үшін де бас бапкер ретіндегі алғашқы әлемдік дода. Қазақстан хоккейінің тәжірибелі мамандарының бірісіз, ұлттық құрамада ұзақ жылдар ойнадыңыз, кейін жаттықтырушы болдыңыз. Осы сәтті бапкерлік мансабыңыздың шыңы деп айтуға бола ма? – Әлем чемпионаты алдында жауапкершілік өте жоғары болды. Қазір де тәжірибе жинақтап келемін. Бұдан әрі биікке көтерілемін бе, әлде осы деңгейде қаламын ба – оны уақыт көрсетеді. – Дәл қазір қандай сезімдесіз? Матч өте тартысты өтті ғой. – Баршаңызды жеңіспен құттықтағым келеді. Біз әлі де ойындарымызды жалғастырамыз, бірақ қазірдің өзінде чемпион атандық. Әлем чемпионаты бойы бізді миллиондаған жанкүйер бақылап отырды. Барлық қолдаушыларға үлкен алғысымды білдіремін және тағы да баршаңызды чемпиондықпен құттықтаймын. – Францияға қарсы матч Қазақстанның турнирлік жағдайына айтарлықтай әсер етпейді. Бұл ойынға қандай мақсат қоясыздар? – Франция құрамасына да келесі кезеңге шығу маңызды, сондықтан олар бар күшін салады. Біз де тоқтап қалмаймыз, тек жеңіс үшін ойнаймыз. Бұған дейін де айттым, біздің команда әр матчқа күресу үшін шығады. Қазір ең бастысы – қалыпқа келу. Жігіттер үш звеномен ойнап, көп күш жұмсады. Ертең олардың жағдайын қараймыз, бірақ құрамда айтарлықтай өзгеріс болмайды. Барлығы шамамен осы күйінде қалады. БАСТЫ БЕТКЕ ОРАЛУ