Хоккейден әлем чемпионатындағы үшінші матчында Қазақстан құрамасы АҚШ-пен ойнайды.
Юрий Михайлистің ойыншылары чемпионат басында буллиттер бойынша екі рет жеңіске жетіп, алдымен турнир иелері Латвияны, кейін қазіргі турнир чемпионы Финляндияны жеңіп, жеңіліссіз келе жатыр. Турнир алдында команда жаттығу өткізіп, ойыншылардың бір бөлігі «Даугава» аренасының мұзды алаңында жаттықты. Қалған бөлігі «Рига» аренасында қалып, жаттығу залында дайындалды. АҚШ-пен матчқа Виктор Сведберг шықпайды, қорғаушы бір кездесуден аластатылды.
Қарсылас біздің команда сияқты бір күн бұрын ойнаған жоқ және соңғы матчты 23 мамырдың кешінде өткізді. Канадамен жекпе-жекте Джек Капуаноның командасы 5:1 есебімен ірі жеңіске жетті және турнир кестесінде үш ұпаймен бесінші орында тұр, ал Қазақстан В тобынан үшінші орында келе жатыр. Турнирдегі алғашқы матчында АҚШ хоккейшілері Финляндиядан жеңіліп қалды.
Соңғы рет Қазақстан мен АҚШ құрамалары 2014 жылы Минскідегі әлем чемпионатында кездескен. Ол кезде Қазақстан құрамасы овертаймда жеңіліске ұшырады. Одан екі жыл бұрын Хальсинкидегі матч та негізгі уақыттан тыс аяқталған болатын. Қарсыластар барлығы бес рет кездесіп, барлығында АҚШ жеңіске жетті.
Матчтан не күтетінімен Даррен Диц metaratings.ru-ға берген сұхбатында бөлісті:
«Кезекті топ-командаға қарсы ойнаймыз. Жоспар қарапайым – біз өз хоккейімізді ойнауымыз керек. Қарапайым әрекет етіп, белсенді қимылдап, ойын оң жамбасқа келуі үшін барлығын жасау керек. Қазіргі таңда барлық командалар екі-үш матчтан ойнап үлгерді. Сондықтан қазір кез келген команда кез келгенін жеңе алады. Әзірге фаворитті анықтау қиын, турнирді қызық ететін де осы. Барлық жанкүйерлерге осы қызық, мұндай интрига турнирді шынымен қызықты етеді. Сондықтан күтпеген команда жеңімпаз атануы мүмкін», - деп санайды Қазақстан құрамасының қорғаушысы.
АҚШ – Қазақстан матчы Нұр-Сұлтан уақытымен 19:15-те басталады. Матчты тікелей эфирден «QAZSPORT» телеарнасы көрсетеді.
БАСТЫ БЕТКЕ ОРАЛУ