София Муравьева – әлем чемпионатының үздік шабуылшысы

Қазақстандық хоккейші IIA дивизионындағы өткен әлем чемпионатының үздігі атанды. София Муравьева бірден екі марапатқа ие болды — ол турнирдің ең үздік шабуылшысы, сондай-ақ Қазақстан құрамасының ең үздік ойыншысы деп танылды. 15 жастағы хоккейші турнирдің үздік бомбардирлері кестесінде көш бастап, 21 (10+11) ұпай жинады, пайдалылық көрсеткіші +16 болды. Бұл көрсеткіште екінші орында команда капитаны София Зубкова тұр – оның еншісінде 16 (7+9) ұпай және +16. Үздік бомбардирлер үштігін Анфиса Новикова түйіндеді, ол 11 (7+4) ұпай жинап, +9 көрсеткішіне ие болды.
Ыстамбұл қаласында 18 жасқа дейінгі қыздар арасындағы IIA дивизионындағы әлем чемпионаты аяқталды. Қазақстан құрамасы Жаңа Зеландия (13:2), Латвия (9:1), Түркия (5:1) және Нидерланд (7:0) құрамаларын ірі есеппен жеңіп, төрт мәрте жеңіске жетті. «Алтын» жүлде тағдырын шешкен соңғы ойында қазақстандық қыздар жоғарғы дивизионнан төмен түскен Корея құрамасымен кездесті. Матч қарсыластардың жеңісімен аяқталды (1:5). Осылайша, қазақстандық хоккейшілер өткен жылдағыдай турнирдің «күміс» жүлдесін иеленді
БАСТЫ БЕТКЕ ОРАЛУ