Бәсі биік команда. Қазақстандықтардың әлем чемпионатындағы статистикалық қорытындысы

Қазақстан ұлттық құрамасы IA дивизионындағы әлем чемпионатында барлық бес матчта жеңіске жетіп, «алтын» медаль иеленді. Сонымен қатар, турнир аяқталуына бір тур қалғанда мерзімінен бұрын чемпион атанды. Алғашқы ойында литвалықтар 4:1 есебімен жеңілді, кейін Жапония құрамасы 6:0 есебімен жеңіліске ұшырады. Одан соң Польша 3:2 есебімен ұтылды. Украинамен өткен 5:4Б есебіндегі матч шешуші кездесу болды. Соңғы ойында француздар буллит сериясында 2:1Б есебімен жеңілді. Франция құрамасы да Қазақстан секілді элиталық дивизионнан түсіп қалған еді. Алайда біздің командадан жеңілуі олардың әлем хоккейінің элитасына қайта оралу мүмкіндігін толықтай жойды.
Командалық жетістіктерден бөлек, Қазақстан хоккейшілері жеке көрсеткіштерімен де көзге түсті. IA дивизионындағы әлем чемпионатының статистикалық қорытындыларына тоқталайық.
Ұлттық құрамамыздың 20 ойыншысының 19-ы турнирді ұпаймен аяқтады. Командалық статистикада шабуылшылар Артур Гатиятов (1+4) пен Аркадий Шестаков (0+5) бес ұпайдан жинап, көш бастады. Чемпионаттың мергендер мен бомбардирлердің жалпы статистикасында олар 9 және 10-орындарды бөлісті.
Сонымен қатар, әлем чемпионатының ассистенттер статистикасында Аркадий Шестаков үздік үштікке енсе, Артур Гатиятов төртінші орынға жайғасты.
Сондай-ақ қазақстандық хоккейшілер әлем чемпионатындағы орталық шабуылшылар арасында шайбаны ортаға тастаудағы жеңіс пайызы бойынша көш бастады. Аркадий Шестаков бұл көрсеткіште сенімді түрде бірінші орын иеленді. Ол 62 рет шайбаны ұтып, 33 рет қарсыласына есе жіберген. Жеңісті пас пайызы – 65,26%. Ал бұл рейтингте екінші тұрған француз Луи Будо 61,46% көрсеткішке ие. Бұл тізімде үшінші орынды Ансар Шайхмедденов иеленді. Оның еншісінде 39 жеңген және 25 жеңілген пас бар. Жалпы көрсеткіші – 60,94%.
Қазақстан құрамасы турнирдің +/- көрсеткіші бойынша абсолютті көшбасшы атанды. Алғашқы төрт орынды біздің хоккейшілер иеленді: қорғаушылар Дмитрий Бреус пен Эдуард Михайлов, сондай-ақ шабуылшы Артур Гатиятов турнирді +6 көрсеткішімен аяқтаса, Әлихан Әсетов +5 нәтижеге қол жеткізді. Сонымен бірге, Бейбарыс Оразов (-1), ал Кирилл Савицкий мен Әлихан Өмірбеков (0) көрсеткішінен бөлек, барлық ойыншылар турнирді оң нәтижемен аяқтады. Бұл Қазақстан құрамасында айқын бір ғана бомбардир жоқ екенін, кез келген хоккейшінің командаға пайдасын тигізіп, гол соға алатынын көрсетеді. Екі шайбадан Семен Симонов, Кирилл Савицкий, Дмитрий Бреус, Роман Старченко, Кирилл Ляпунов және Батырлан Мұратов соқты. Батырлан әлем чемпионатында Қазақстан құрамасының үздік ойыншысы деп танылды. Ол маңызды голдарымен қатар, матчтан кейінгі екі буллитті сәтті орындады.
Әлем чемпионаты қақпашыларының статистикасында Андрей Шутов үш матчта 56 сейв жасап, екінші орынға ие болды. Оның қайтарылған соққылар пайызы – 93,33%, ал орта есеппен бір ойынға 1,5 шайба жіберіп отырған.
Бұл рейтингте бірінші орынды турнирдің үздік қақпашысы атанған поляк Томаш Фучик иеленсе, үшінші сатыға жапониялық Юта Нарисава жайғасты.
Осы турнирде Қазақстан құрамасы сапында 8 хоккейші дебют жасады: Семен Симонов (2+1), Всеволод Логвин (1+3), Артур Гатиятов (1+4), Кирилл Ляпунов (2+1), Бейбарыс Оразов (0+1), Федор Хорошев (1+0), Кирилл Никитин (0+1) және Аңсар Шайхмедденов (1+2). Барлығы да турнирде ұпай еншіледі.
Қазақстан ұлттық құрамасын турнирдегі ең теңгерімді командалардың бірі деуге толық негіз бар. Бұл тек әр хоккейшінің жинаған ұпайларымен ғана емес, олардың мұз айдынындағы ойын уақытымен де дәлелденді. Орта есеппен әр ойыншы бір матчта 15 минуттан өткізді. Мұз айдынында ең көп уақыт өткізгендер: Аркадий Шестаков – 20:01, Самат Данияр – 19:16 және Эдуард Михайлов – 18:21. Ал ең аз уақыт ойнаған Федор Хорошев – 11:27. Қалған ойыншылардың барлығы 13 минуттан артық уақыт алаңда болды. Осылайша, бапкерлер штабы әр хоккейшіге жеткілікті ойын тәжірибесін берді.
Сонымен қатар, Қазақстан құрамасының бапкерлер штабы турнирдегі ең жас ұжым атанды. Олардың орташа жасы – 39 жас. Салыстырмалы түрде айтсақ, бұл көрсеткіш бойынша екінші орында тұрған Польша құрамасының бапкерлері орта есеппен 44 жаста болса, үшінші сатыдағы Украина құрамасында – 45,5 жас.
Турнирдегі ең жас құрамалар Литва мен Украина болды , ойыншылардың орташа жасы – 25 жас. Қазақстан құрамасының орташа жасы – 26. Ал турнирдегі ең тәжірибелі, жасы үлкен команда Польша атанып, олардың орташа жасы 29-ды құрады.
БАСТЫ БЕТКЕ ОРАЛУ