Руслан Оспанов: «Мені құрамаға жіберу мәселесін шешіп жатырмыз»

Астанада жастар құрамасының ОЖЖ аяқталып, Александр Истоминнің ойыншылары Санкт-Петербордағы турнирге дайындалуда, ал желтоқсан айында бірінші дивизионның А тобындағы әлем чемпионатында ойнайды. Шабуылшы Руслан Оспанов өткен маусымда Қазақстан жастар және жасөспірімдер құрамасы үшін ойнады, кейін «Барыс» жүйесінен кетіп, мұхит асты. Жас форвард біздің жастар құрамасына көмектесе ала ма – сұхбатында айтып берді.
- Руслан, сонау алыстағы Аляскадан қалайша бір-ақ шықтың?
- Солтүстік Америкада өз күшімді сынап көруге мүмкіндік туды. Бұл мен үшін жақсы тәжірибе болады деп шештім. Неге көрмеске? «Анкоридж Волверинске» ауысуды ұсынды. Жақсы команда. Өткен маусымда ол плей-офф финалында ойнады. Бұл – жаңа клуб. Солтүстікамерикалық хоккей лигасына осымен екінші жыл ғана қатысып отыр.
- Лиганың деңгейіне қандай баға бересің? Сені команда қалай қабылдады?
- Лига айтарлықтай мықты, жылдам. Мұнда күш-айлалар көп, барлығы ұдайы жүгірісте. Тамаша қарсы алды, жігіттер жайдары көңіл-күйде. Бұл Америкадағы USHL-ден кейінгі екінші жастар лигасы, сол себепті барлығы сонда түсуге тырысады.
- Америкадан алған әсерің қандай? Бұл сенің алғаш баруың ба?
- Иә, алғаш рет. Мұнда барлығы басқаша, адамдардың менталитеті де, барлығы күлімдеп жүреді. Тамағы да біздікінен ерекшеленеді.
- Сені таңғалдырып, таң-тамаша еткен не?
- Аса қатты таңғалдым демеймін.
- Аляскада қаншалықты суық?
- Қыста мұнда Астанадағыдан да салқын. Қаланың айналасы қаптаған таулар. Табиғаты өте әсем.
- Сен америкалық отбасыда тұрып жатсың ба?
- Иә, мұнда келушілердің барлығы өздерін қабылдаған отбасыларда тұрады. Айтпақшы, менімен бірге Фёдор Николаеня деген белорус жігіт тұрады. Өткен жылы ол USHL-де біздің Максим Мусоровпен бір командада ойнаған. Мұндағы отбасы өте жақсы қабылдады, өте мейірбан, ақжарқын жандар. Бүгін Хэллоуинді тойлауға барамыз.
- Екі матч ойнап, алғашқы ұпайыңды иелендің – нәтижелі пас бердің. Осы жөнінде айтып бере аласың ба?
- Қарсыластың аймағында белсенді ойын болды, шайбаға таластық, ол қорғаушыға қарай ұшып кетті, ал қорғаушы алды да, гол салды.
- Хоккей тұрғысынан бейімделіп үлгердің бе? Ойнау қаншалықты қиын?
- Жазда жарақат алдым, сондықтан әзірге қалыпқа келіп, төселудемін. Үш матч ойнап үлгердім, ал команда маусым басталысымен 17 ойын ойнады. Өзімді жайлы сезініп қалдым десем болады. Ойнауға болады.
- Бапкерлер штабымен тіл табысып үлгердің бе? Саған қандай талап қоюда?
- Бапкерлер штабы жақсы қабылдады, өте жылы қабақпен қабыл алды. Олардың талабы – жылдам ойнау, шабуыл аймағында белсенді болу. Шынымды айтсам, әзірге оларды толықтай түсінбеймін, себебі ағылшынды меңгеру үстіндемін. Бастапқы уақытта мүлдем қиын болды, ал қазір сәл-пәл жеңілдеді.
- Өткен маусымда сен жастар құрамасы үшін де, жасөспірімдер үшін де ойнап үлгердің. Биыл Норвегиядағы әлем чемпионатына бару жоспарыңда бар ма?
- Жас санатым бойынша енді тек жастар құрамасына жараймын. Әрине, өз елім үшін ойнағым келеді. Бұл – әрбір хоккейші үшін зор мәртебе. Қазір командам мені жібере ала ма – осы мәселені шешіп жатырмыз. Жіберіп қалуы керек, алайда алдымен құрамға еніп, бапкерлер штабына онда баруға лайықты екенімді дәлелдеуім керек.
Дереккөз: Shaiba.kz
БАСТЫ БЕТКЕ ОРАЛУ