logo
Руслан Оспанов: «Өз еліміз үшін ойнаймыз»

IA дивизиондағы хоккейден жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында Жапониямен матчтың үздік ойыншысы Руслан Оспанов болды. Шабуылшы турнирдегі алғашқы шайбасын салып, Қазақстан құрамасын үшінші кезеңде алға шығарды. ҚХФ баспасөз қызметіне берген сұхбатында ол өткен ойыннан алған әсерімен бөлісті.

- Руслан, тағы да бірінші кезеңде қарсыластан басым түсе тұрып, 2 шайба өткіздіңдер. Қалай ойлайсың – неге бұлай болды?

- Иә, біз матчтың басында, бірінші кезеңде жігерленіп шықтық. Бізді қарсы шабуылдар, нөлге бір, бірге екі болып шабуылдау титықтатты, соның салдарынан екі гол өткіздік.

- Бұл қарсыласты жете бағаламау емес пе?

- Қарсыластың бағасын кеміту болған жоқ, барлық ойындарға дайындалғандай дайындалдық, үзілісте жігіттермен сөйлестік. Әрбір сәтті уыстан шығармай, аянбай, әрбір сәтті кемеліне жеткізе ойнаймыз деп шештік.

- Қай сәттер ойын барысын өзгертті?

- Бірінші голды салған кез. Жігерленіп, алға ұмтылып, одан сайын белсендірек ойнай бастадық.

- Бұл сен үшін алғашқы ӘЧ емес, жастар біріншілігіндегі тәжірибе қаншалықты көмектесті? U-20-дағы елдердің құрамалары қаншалықты ерекшеленеді?

- Иә, бұл – менің екінші әлем чемпионатым. U-20-да жақсы тәжірибе алдым. Құрамалар ерекшеленеді, U-20-да жігіттер шеберлеу, көпшілігі ересектер чемпионаттарында ойнайды.

- Сеніңше, турнирдің басында не дұрыс болмады?

- Турнирдің басында не дұрыс болмағанын білмеймін, Норвегиямен және француздармен дәл осылай ойнадық, ол екі командаға жақсы шабуылдадық.

- Словактар кесте көшін бастап тұр, соңғы матчты солармен ойнайсыздар. Дайындық қалай?

- Иә, соңғы матчты Словакиямен ойнаймыз, барлық командаларға дайындалғандай дайынбыз. Мұзға шығып, әрбір сәтте тартысып, белсене ойнаймыз. Өз еліміз үшін ойнаймыз.

Бас серіктестер: 

«Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ

«Туризм және спорт индустриясын қолдау қоры» КҚ

БАСТЫ БЕТКЕ ОРАЛУ