18 сәуір күні «Барыс Аренада» Қазақстан құрамасының ОЖЖ басталды. Команда Даниядағы әлем чемпионатына дайындалуда. Әзірге хоккейшілердің барлығы мұзда жиналмады. Кеңейтілген тізімде ұлттық команданың көшбасшысы Роман Старченко болмады, хоккейші отадан кейін қалпына келуде. ҚХФ баспасөз қызметіне берген сұхбатында бас бапкер Олег Болякин кейбір ойыншылардың болмауына қатысты пікір білдірді, сонымен қатар маңызды жаңалықты жеткізді:
- Жарақат алған ойыншыларымыз бойынша: Александр Борисевичтің, өкінішке орай, арқасы ауырады, Ян Тютюньков құрама сапына жетіп қойғанына қарамай, ол да жарақат алған. Роман Старченконың көп ұзамай құрамаға қосылатыны қуантады, біз онымен жақында сөйлесіп, кеңейтілген тізімге қостық. 25-26 сәуірде ол мұзға шығады және командамен бірге әлем чемпионатына барады деп жоспарлап отырмыз. Біз үшін, команда үшін, жанкүйерлер үшін бұл – жақсы жаңалық. Роман ота жасатты және қазір жарақаты жазылып жатыр, оңалып келеді. Рома көшбасшы, ойыншы ретінде бізге қажет. Мұндай ойыншылар мұзда да, сыртта да жұмысқа деген жауапкершіліктің үлгісін көрсетеді.
Бүкіл дерлік құрам жиналды, өкінішке орай, жарақат алған бірқатар «барыстық» ойыншылар бар. Олар – Әлихан Әсетов, Батырлан Мұратов, Максим Мухаметов. Олар жарақат алды және біз олардың қалыпқа келуі қаншалықты ұзаққа созылатынын білмейміз. Леонид Тамбиев 24 күні қосылады, дәл сол күні біз екіжақты матч өткіземіз.
БАСТЫ БЕТКЕ ОРАЛУ