logo
10 августа 2023
«Осал тұстарды жетілдіріп, дұрыс бағыт таңдауымыз қажет». Виктория Сазонова қыздар құрамасының дайындығы туралы

Қазақстан қыздар құрамасының алдағы маусымға дайындық жоспары таныстырылды.

18 жасқа дейінгі Қазақстан қыздар құрамасы 2024 жылдың 15 және 21 қаңтары аралығында Херенвенде (Нидерланд) екінші дивизионның А тобындағы әлем чемпионатында өнер көрсетеді. Еске сала кетейік, ағымдағы жылдың ақпан айында біздің жас хоккейшілер турнирдің барлық бес матчында жеңіске жетіп, В тобынан шықты.

Алдағы әлем чемпионатына дайындық 3 кезеңнен тұрады, олардың алғашқысы 15 тамызда басталады. Жалпы және арнайы дене дайындығы бойынша оқу-жаттығу жиыны Өскемен маңындағы Сібе көлдерінде орналасқан «Алтайский берег» спорттық базасында өтеді. Биыл үміткерлердің кеңейтілген тізіміне Қазақстанның 7 қаласынан 35 спортшы кірді: Өскемен (7 спортшы), Алматы (10), Астана (6), Екібастұз (1), Қарағанды (8), Сәтбаев (1) және Ақтөбе (2).

Бапкерлер штабына кіргендер:

Бас бапкер - Мария Федоренко

Бапкер - Наталья Яковчук

Қақпашылар бапкері - Дарья Дмитриева

Хоккейден Қазақстан қыздар құрамасының бас менеджері Виктория Сазонова юниор қыздардың дайындығы туралы айтып берді:

«12 күн бойы жасөспірім қыздар командасына барлық үміткерлер жаттығып, нормативтер тапсырады және бапкерлер штабының алдағы маусымға талаптарымен танысады.

Аталмыш кезеңде бізге Қазақстанның хоккей федерациясы жақсы қолдау көрсетіп келеді, бүкіл Қазақстаннан хоккейші қыздарды жинай алатынымыз қандай тамаша, мұны жасау тіпті оңай емес. Бұл бапкерлер штабы мен спортшылардың өздеріне командадағы серіктестеріне қатысты өз мүмкіндіктерін бағалауға, осал тұстарын жетілдіріп, дұрыс бағыт таңдауға көмектеседі.

Дайындықтың екінші кезеңі шамамен қарашаның алғашқы онкүндігінде басталады. Толыққанды ойын және тактикалық жаттығулармен мұзда оқу-жаттығу жиынын өткізуді жоспарлап отырмыз, бұл спортшыларға звенолардағы өзара байланысты реттеуге мүмкіндік береді. Үшінші кезең ойыншылардың бекітілген құрамымен Әлем чемпионатының алдында өтеді», - деді Виктория Сазонова.

Қазақстанның негізгі қыздар ұлттық құрамасы Испаниядағы Әлем чемпионатында екінші дивизионның А тобында өнер көрсетеді. Үміткерлер Қазақстан чемпионатының 3 негізгі клубы «Томиристен» (Астана), «Айсұлу» (Алматы) мен «Торпедодан» (Өскемен) іріктеліп алынды. Сондай-ақ қыздар құрамасының жаңартылған бапкерлер штабы жарияланды:

Бас бапкер - Виктория Сазонова Александровна

Бапкер - Александр Тебеньков

Бапкер - Жасулан Оразбаев

Қақпашылар бапкері - Александр Кудрявцев

Виктория Сазонова қыздар хоккейін қаржыландырудағы өзгерістер туралы айтып берді:

«Қазақстандық ойыншылардың хоккейге орала бастағанына қуаныштымын, - деді қыздар құрамасының бас менеджері. – Көпшілігі құрамаға кірудің немесе табыс табудың болашағы жоқтығына байланысты көпшілігі хоккейден кеткен. Әзірге атын атап, түсін түстегім келмейді, алайда өздерін көрсетеді деп үміттенемін. Өткен Әлем чемпионаты кезінде барлығы 13 спортшы спортты дамыту дирекцияларына ұлттық құраманың ойыншылары ретінде жұмысқа орналастырылды, алайда олардың саны 23. Қалғандары ұзақ уақыт бойы төлемсіз өнер көрсетті. Биыл маусымның басында спортты дамыту дирекциясының басшылығы бізге құлақ асып, біздің бастамаларымызды қолдап, ойыншылар штатын 23 адамға дейін кеңейтті, сонымен қатар жастар және негізгі құраманың бапкерлері де жұмысқа орналастырылды. Бұл біз үшін үлкен көмек. Бұл қыздар хоккейін танытуға ықпал етеді деп үміттенемін. Себебі ата-аналар өз балалары үшін спорт таңдағанда, болашақ перспективаны бағамдайды».     

Жалпы, бұл маусымның міндеті – біздің спортшы қыздар үшін жақсы, бәсекелі ортаны қамтамасыз ету, - деді Виктория Сазонова. – Бұл жеңуге, дамуға және басқа мемлекеттердің командаларымен бәсекелесуге деген ықылас пен құлшыныс болуы үшін қажет. Қазір тәжірибелі ойыншыларды сақтап, белгілі бір уақыттан кейін өз спортшыларымыздан толыққанды резерв ұсыну үшін жастарды дамыту маңызды. Ол үшін ішкі чемпионаттың сапасын арттыру қажет, алайда ол жөнінде кейінірек айтамыз», - деп сөзін түйіндеді Виктория Сазонова.

БАСТЫ БЕТКЕ ОРАЛУ