logo
2 апреля 2022
Павел Акользин: «Қазақстан құрамасының намысын қуана келіп қорғаймын»

Магнитогорлық «Металлург» конференция жартылай финалының жетінші матчында «Авангардты» жеңіп, Гагарин кубогінің плей-офф кезеңінің келесі раундына өтті. «Магнитка» құрамында Қазақастан құрамасының хоккейшілері – Алексей Маклюков пен Павел Акользин өнер көрсетуде. Серияның қорытынды матчынан кейін шабуылшы Павел Акользин оны қорытындылап, өзінің жеке жетістіктері туралы айтып берді.

- Алғаш рет мансап жолыңда конференцияның финалында ойнағалы жатсың, қандай сезімдесің?

- Тамаша сезімдемін, конференцияның финалына шыққанымызға қуаныштымын, алайда мақсатымыз біреу – Гагарин кубогін иелену.

- «Авангардпен» бұл серияда сіз жеңіліп келе жатып, есе қайтарып, әрі қарай өттіңіздер. «Металлургтың» мықты тұсы қайсы?

- Иә, алғашқы екі матчта жолымыз болмады, біз жеңілдік. Алайда бар күш-жігерімізді жиып, екі кездесуден кейін жігіттермен отырып сөйлесіп, қалай әрекет ететінімізді талқыладық. Бапкеріміз ақылын айтты, түзетулер енгізді, осылайша қатарынан үш матчта жеңіске жеттік. Алайда алтыншыда не болғанын өзіміз түсінбей қалдық, әлде суынып қалдық па әлде басқа фактор әсер етті ме екен. Үйдегі соңғы ойынға өліспей беріспейміз деп шықтық. Серияны үйде аяқтап, жанкүйерлерімізді қуантқымыз келді. Басты факторлар – бұл жанқиярлық, біз мінез көрсеттік, сонымыз бізге жеңіс әкелді.

- Алексей Маклюковтың денсаулығы туралы белгілі болды ма? Онымен сөйлестің бе?

- Лешка қазір ауруханада тексеруден өтуде. Әзірге ешнәрсе белгісіз. Барлығы жақсы болсын деп тілейміз. Барлығымыз қолдап отырмыз, оның жанқиярлығы үшін көп алғыс айтқым келеді. Оның тезірек сауығып, қатарға қосылғанын тілейміз.

- Тұрақты чемпионатты көшбасшы-команда құрамында өткіздің, өзің үшін жаңашылдықтар болды ма? Дегенмен үйден тыс шыққан бірінші жылың ғой?

- Айтарлықтай жаңашылдық жоқ, мен тек өзімнен бапкерлер талап еткен хоккейді ойнауға тырысамын, белгіленген ережені, менен не көргісі келетінін орындаймын, «Барыста» ойнап жүргенде де дәл солай болатын. Өз басым үшін айтарлықтай жаңалық жоқ, мен бар болғаны хоккей ойнап, командама жеңуге көмектесуге тырысамын.

- Жеке жетістіктерге келсек, ортаның өзгеруіне байланысты қандай өсу байқадың?

- Әрине, өсу барын сеземін және әр ойын сайын жетілдіруге тырысамын. Өз ойындарымды, жетілдіру керек тұстарды қараймын. Қақпашымен бетпе-бет шығатыным бекер емес. Кезінде «Барыста» мені дәл осыным үшін сынайтын, қазір бұл компоненттегі жүзеге асыру пайызым артты.

- Құрамаға күш қала ма?

- Құрамаға әрине жетеді. Шақыру келіп үлгерді, сондықтан қуана келіп, Қазақстан құрамасының намысын қорғайтын боламын.

 

БАСТЫ БЕТКЕ ОРАЛУ