ҚР ҰҚК қатысатын 2027 жылғы әлем чемпионаттарының өту күндері анықталды

Швейцарияның Цюрих қаласында Халықаралық хоккей федерациясының жыл сайынғы конгресі өтіп, оның қорытындысы бойынша элиталық дивизиондағы және төменгі дивизиондардағы әлем чемпионаттарының өтетін мерзімдері мен орындары анықталды.
2027 жылғы элиталық дивизиондағы әлем чемпионаты 14–30 мамыр аралығында Германияның Дюссельдорф және Мангейм қалаларында өтеді.
Қазақстан қыздар құрамасы қатысатын әйелдер арасындағы 1В дивизионының әлем чемпионаты 2027 жылдың сәуірінен қараша айына ауыстырылды. Турнир 1–7 қараша аралығында Оңтүстік Кореяның Сувон қаласында ұйымдастырылады. Мұндай шешім элиталық дивизиондағы жарыс мерзімінің өзгеруіне байланысты қабылданды. Бұл PWHL солтүстікамерикалық лигасының күнтізбесімен сәйкестікті болдырмауға және Олимпиада маусымында әлемнің ең үздік хоккейшілерінің қатысуына мүмкіндік береді.
18 жасқа дейінгі қыздар құрамалары арасындағы U18 дивизионының әлем чемпионаты тағы да Түркияның Стамбұл қаласында өтеді. Турнир 2027 жылдың 25–31 қаңтары аралығына жоспарланған.
Жастар арасындағы 1А дивизионының әлем чемпионатын Венгрия астанасы Будапешт қабылдайды. Жарыс 2026 жылдың 6–13 желтоқсаны аралығында өтеді.
Ал жасөспірімдер арасындағы 1А дивизионының әлем чемпионаты 2027 жылдың 18–24 сәуірі аралығында Словенияның Блед қаласында ұйымдастырылады. Бұл турнир жаңа форматта өтеді: командалар екі топқа бөлініп, жеңімпаз плей-офф кезеңінде анықталады. Соңғы әлем чемпионатында жеңіске жеткеніне қарамастан, Швейцария құрамасы Қазақстан құрамасымен бір топта қала береді және элиталық дивизионға жолдама үшін қайтадан таласады. Бұл өзгеріс Беларусь жасөспірімдер құрамасының элитаға қайта оралуына байланысты енгізілді.
БАСТЫ БЕТКЕ ОРАЛУ