logo
26 мая 2023
Қазақстан құрамасы қатысатын 2024 жылғы әлем чемпионатының өту орны мен күндері анықталды

Финляндияның Тампере қаласында өткен Халықаралық хоккей федерациясының (ИИХФ) жыл сайынғы конгресінде келесі маусымның барлық дивизиондарындағы әлем чемпионатының өту күндері мен орындары анықталды.

Элиталық дивизиондағы 2024 жылғы хоккейден жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионаты Финляндияның екі қаласында: Эспоо мен Вантаада 25 сәуір мен 5 мамыр аралығында өтеді. 2024 жылы турнирді өткізуге Финляндия жалғыз өзі өтінім берді. Қазақстан құрамасы В тобында ойнайды. Біздің команданың қарсыластары – Канада, Швеция, Швейцария және Чехия. А тобында АҚШ, Финляндия, Словакия, Латвия және Норвегия өнер көрсетеді. Естеріңізге сала кетейік, 2023 жылдың сәуір айында Францияда өткен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында біздің команда бірінші орынға ие болып, топ-дивизионға жолдама алды. Осылайша, жасөспірімдер 21 жылдан кейін әлемдегі ең үздік 10 хоккей командасының қатарында тағы да өнер көрсетеді. Соңғы рет жасөспірімдер Ресейдің Ярославль қаласында өткен 2003 жылғы әлем чемпионатында өнер көрсетті.

Бірінші дивизионның А тобындағы жастар әлем чемпионаты Венгрияның Будапештінде 2023 жылдың 10 және 16 желтоқсаны аралығында өтеді. Турнирді өткізуден Австрия да үмітті болды. Біздің «Жастардың» алдағы біріншіліктегі элиталық дивизионға жолдама үшін қарсыласы Австрия, Франция, Венгрия, Дания және Жапония болмақ.

Екінші дивизионның А тобындағы қыздар әлем чемпионаты Испанияның Мадридінде 2024 жылдың 18 және 24 наурызы аралығында өтеді. Біздің қыздардың бірінші дивизионға жолдама үшін тартыстағы қарсыластары Испания, Мексика, Қытайлық Тайбэй, Исландия және Бельгия болмақ.

Бірінші дивизионның А тобындағ 18 жасқа дейінгі юниор қыздар әлем чемпионаты Нидерландының Херенвен қаласында 2024 жылдың 15 және 21 қаңтары аралығында өтеді. Біздің хоккейшілердің қарсыластары Қытай, Латвия, Нидерланд, Ұлыбритания және Түркия болмақ.

БАСТЫ БЕТКЕ ОРАЛУ