logo
29 апреля 2025
Олег Болякин: «Командада кім болатынын 98 пайызға біліп отырмыз»

Қазақстан құрамасының бас бапкері Қазақстан құрамасының ашық жаттығуы аясында БАҚ сұрақтарына жауап берді.

- Олег Владимирович, дайындық қалай жүріп жатыр? Барлығы келді ме?

- Жоспарлаған ойыншылардың барлығы келді. Кейбір ойыншыларды көріп болдық, біліктіліктерін анықтадық. Қазіргі таңда олар бізге көмектесе алмайды, сондықтан жұмыстары үшін алғыс білдірдік, жігіттер өз клубтарына тарқасты. Дайындалатын уақыт көп еместігін өздеріңіз түсінесіздер. Алда Qazaqstan Hockey Open, онда небәрі екі ойын өтеді. Күні ертең бес үштік пен қорғаушылардың төрт жұбын анықтаймыз. Бұл ойыншылар Ресеймен және Беларусьпен матчтарға қатысады.

Барлығының көкейінде Роман Старченкоға қатысты сұрақ бар. Бұған дейін айтқанымдай, 30 сәуір күні ол өзінің ахуалын айтуы тиіс. Дәрігерлер 30-шы сәуірлерде мұзға шыға беруіне болады деп айтқан. Бәрі өзіне байланысты. Ол командаға қосылып, көмектесуге ниетті. Оның тәжірибесімен және физикалық дайындығымен 10 күн дайындалып, әлем чемпионатына қатысуға жеткілікті деп санаймын.

- Qazaqstan Hockey Open-де әлем чемпионатына баратын құрам бола ма?

- Роман Старченко болмайды тек. Командада кім болатынын 98 пайызға біліп отырмыз. Кеңейтілген тізім болды, ойыншылар жеткілікті болды. Топ-топпен жұмыс жасадық, екіжақты ойын өткіздік. Содан кейін қорытынды шығарып, жігіттермен қош айтысып бастадық.

- Қақпада кім тұратыны анықталды ма?

- Үш толыққанды қақпашымыз бар. Кім бірінші орынды иеленетінін дәл қазір айта алмаймын. Қазір барлығы Сергей Кудрявцевтің бәсі жоғары екенін жақсы түсінеді. Оның ойын тәжірибесі бар. Никита Бояркинді алып қарасақ, ол «Сарыарқада» ойнаған кезде ҚХЛ-да ойнаған жоқ. Ол Қазақстан чемпионатында сенімді ойнап, үлкен ойын тәжірибесін жинақтады және әлем чемпионатында табысты ойын көрсетті. Сергей Кудрявцевтің барлық мүмкіндігі бар, пайдалануы тиіс. Максим Павленко мен Джелал-ад-Дин Амирбеков дайын. Бақылау ойындары қайсысы басым екенін көрсетеді.

- Әлем чемпионатындағы топқа баға берсеңіз. Алғашқы матчтар бірден шешуші болатынына келісесіз бе?

- "А" тобында барлығы айтарлықтай білікті командалар. Тіпті, Азия ойындарының өзі хоккейдің бір орында тұрмайтынын көрсетті. Еуропалық хоккей сондай, барлығы агрессивті ойынды насихаттайды. Біз жігіттер оңай болмайтынын түсінулері үшін жаттығу процесін өзгерттік. Әрбір командаға дайындаламыз. Онда өзімізді ақтап, жеңуге барамыз.

- Әлем чемпионатына ресми түрде қойылатын міндет қандай?

- Ресми міндет жоқ. Алайда біз өз алдымызға белгілеп отырмыз. Арық сөйлеп, семіз шығайық. Ойын бар, әрбір командаға дайындық бар. Барлығы қалай дайындалатынымызға байланысты. Жігіттердің көздері жанып тұр, барлығы мықты ойын көрсеткісі келеді. «Барыстың» аса сәтті ойын көрсетпегенін білеміз. Жігіттер өз ойынымен жанкүйер алдында өзін ақтап алғысы келеді.

- Элитада қалу ғой, дұрыс па?

- Кем дегенде солай.

 

БАСТЫ БЕТКЕ ОРАЛУ