logo
20 мая 2023
Баспасөзге шолу. Старченко, Рымарев, Диханбек Словакиямен ойындағы жеңіс туралы

Бір күн бұрын хоккейден Қазақстан құрамасы Словакияны буллиттер бойынша жеңді. Қазір қазақстандық ұжымның қоржынында 4 ұпай бар, плей-оффқа шығатын мүмкіндік бар. Өткен кездесуде Роман Старченконың, Евгений Рымарев пен Валерий Ореховтің голдары, сондай-ақ буллиттегі табысты ойын командаға жеңіс әкелді. Матчтан кейін ойыншылар жеңістен алған әсерлерімен журналистерге берген сұхбатында бөлісті:

Евгений Рымаревтің Sports.kz-ке берген жауабы:

- Біз үшін, тұтас команда үшін өте қажет жеңіс, бізге сенімділік береді, қаласақ, жеңетінімізге сенім пайда болады. Бүгін жігіттердің барлығы тартысты, тырысты, екі кезең тамаша өтті, үшінші кезеңге екі шайба жүріп шықтық. Алайда сәл босаңсып қалдық па, екі гол өткізіп алдық. Овертаймда олар да, біз де жеңуіміз мүмкін еді. Буллитте жігіттердің барлығы жарады, қақпашы да мықты, жігіттер алға сүйреді. Командалық жеңіс!

- Бұл құраманың сыры неде?

- Сырын білмедім, барлығы өзіміздің жігіттер, бір-бірі үшін барын салады. Бүгін жігіттердің өздерін жеңіп, тырысқаны, бір-бірі үшін ойнағаны көрінді. Нәтиже де көп күттірмеді.

- Латвиямен матчта стадион толы болады, керісінше, күш беретін болар?

- Стадион толы кезде ойнаған тіпті керемет, бойда адреналин, саған болсын, басқаға болсын, жанкүйерлердің қолдауы күш береді. Жартылай бос трибуналардан гөрі осылай ойнаған жақсы.

Роман Старченконың MetaRatings.kz-ке берген жауабы:

- Бізді бапкерлер «қамшылады», өзіміз де ел үшін ойнауымыз керек деп, намысымызды жаныдық. Бәрі өз қолымызда, жеңіс те өз қолымызда. Екінші кезеңге шықтық та, басқа хоккей ойнай бастадық. Үшінші кезеңнің соңында сәл жетпей қалдық. Мұны осыншалықты деңгейдегі ойын тәжірибесінің жетіспеуімен түсіндіруге болады, себебі құрамда жас жігіттер көп. Видеоны қарап талдаймыз, қорытынды жасаймыз. Алдыңғы матчтарда біз топ көшбасшылары – Швейцария, Канада, Чехияға қарсы ойнадық. Бүгін қызу ойнадық, артық құраммен жолымыз бола бастады, шайбаны бақылауда ұстап, екпінмен гол салдық. Әрі қарай да солай болсын деп тілейік. Андрей Шутов мықты көмектесті! Қаншама рет құтқарды, лайықты түрде матчтың үздік ойыншысы атанды. Оның алдында бас иіп, қол соғамын!

Мади Диханбектің Шайба.kz-ке берген жауабы:

-        Әрбір ойында бізге жақсы қолдау көрсетті. Бізді қолдау үшін осында келген жанкүйерлерге, және уақыттың кештігіне қарамастан Қазақстаннан тамашалап отырған баршаға алғыс айтамын. Әрине, біз қолдауды сезінеміз. Біз сіздер үшін, ел үшін ойнаймыз. Бапкерлер штабы бізге: «Бұл элиталық дивизион, мұндай әлемнің үздік құрамалары ойнайды, өздеріңізді көрсетіңіздер, еркін ойнаңыздар, қорықпай ойнаңыздар, шайбаны игеруден, айлаға барудан, дөп пас беруден қорықпаңыздар». Шынын айтқанда... Ойын кезінде оны сезінбейсің. Тек матчтан кейін, әсіресе, жеңістен кейін сезінесің. Instagram-ға кіріп, хайлайттарды көргенде, өзіңнің осы матчта ойнағаныңды түсінесің. Меніңше, жігіттердің барлығы дайын. Өз ойынымызды ойнаймыз, бір-бірімізді қолдаймыз. Бастысы, бізге бапкерлер де, жанкүйерлер, бүкіл ел сенім артады. Өзіміз де сенеміз.

Еске сала кетейік, бүгін Қазақстан құрамасы әлем чемпионатының алтыншы матчын чемпионаттың иесі – Латвия командасына қарсы өткізеді. Тікелей эфирде алдағы кездесуді QAZSPORT телеарнасы көрсетеді, көрсетілім Астана уақытымен 23:10-да басталады.

 

БАСТЫ БЕТКЕ ОРАЛУ