logo
6 мая 2021
Баспасөз шолуы. Қазақстан құрамасының ойыншыларымен сұхбат

Елордада хоккейден Қазақстан ұлттық құрамасының ОЖЖ жалғасуда. Құраманың түбегейлі құрамы 8 мамырда анықталады, Ригаға 28 хоккейші – 25 алаң ойыншысы мен 3 қақпашы аттанады. Жақында БАҚ-қа арналған ашық жаттығу болып өтті. Журналистермен сұхбат барысында ұлттық команданың хоккейшілері алдағы біріншіліктен не күтетіндерімен бөлісті.

Алексей Маклюков, Қазақстан құрамасының қорғаушысы:


- Көңіл-күй жақсы. ҚХЛ-дағы маусымнан кейін демалдық, жинақталып, жаңа күшпен бұрынғы қалыпқа келіп қалдық. Тағы бір шағын кезең қалды, содан кейін аттанамыз. Бәрі дұрыс болады деп сенемін. Барлығымызда бір міндет – топтан суырылып шығу, ал ары қарай бұйырғаны болады. Әлем чемпионаты – кәдімгі маусым немесе тіпті плей-офф та емес. Онда бәрі болуы мүмкін. Әдеттегі ауыр маусымалды жұмыстар жүріп жатыр. Ойыншылар бел жазбастан еңбек етіп жатыр. Бапкерлер штабы әлем чемпионатының басына қарай оңтайлы қалыпқа келуіміз үшін барын салуда. Ал қарсыластарға келсек, қазір кімнің қандай дайындықпен келетіні белгісіз. Маусым барлығы үшін ерекше болды, дайындық та әдеттегідей болмады. Сондықтан биыл Олимпиадада Германия құрамы жасағандай кез келген сенсация болуы мүмкін. Қандай да бір нақты қарсыласты бөліп көрсетпес едім.
Андрей Шутов, Қазақстан құрамасының қақпашысы:
- Қызу дайындық жүріп жатыр. Бірінші цикл өтті, қазір екіншісі басталды. Ұмтылыс мықты. Бірінші міндет – топтан озу, екіншісі медаль үшін күресу. Біз тығыз ойын кестесіне дайынбыз, маусымда да ондай матчтар болған. Барлығы кәсіпқой ойыншылар. Қалпына келтіру рәсімдері болады, сондықтан барлығы сақадай сай болмақ.


Никита Михайлис, Қазақстан құрамасының шабуылшысы:
- Сәл демалдым, жылы жақтарға сүйіктіммен және достарыммен бірге саяхаттап қайттым. Қалыпқа келдім, біршама уақыт хоккейден демалдым. Келе салысымен бірден жаттығуларға кірістім: зал, қосымша мұзға шықтым. Бапкермен дайындалдым, жеке шеберлікті шыңдадым. Демалыстан кейін жұмысқа жайлап кірістім. Алғашқыда өз-өзімді біртіндеп бағыттадым, енді командамен жұмыс жасап жатырмыз. Дайындық әбден қызуда. Нәтижесі әлем чемпионатында көрінеді. Әзірге үлкен дайындық жүріп жатыр. Тезірек Ригаға жетіп, турнирді бастап, өз-өзімізді көрсетіп, жақсы командалық ойын көрсеткіміз келеді. Әрбір матчқа тек жеңу үшін шығатын боламыз.

Самат Данияр, Қазақстан құрамасының қорғаушысы:
- «Номадтың» Қазақстан чемпионаты аяқталғаннан кейін үзіліске он-ақ күн уақытымыз болды. Демалып үлгердім, алайда мүлдем дайындалған жоқпын. Одан кейін жеке бағдарлама бойынша дайындықты бастадық. Бәрі жақсы, күшіміз бойымызда, жақсы ниетпен дайындалып жатырмыз. Екі екіжақты матч өткіздік, кейбіреуі ұзақ ойнамаған, алайда мұзға үлкен құлшыныспен шықты. Бірінші матч аздап қарбалас өтті, шығын, техникалық қателіктер көп болды. Ары қарай бапкерлер ақыл қосып, бәрі реттелді. Екінші матчта қатаң тапсырма бойынша ойнадық да, мүлдем басқа хоккейді көрсеттік.


Жарияланымда hcbarys.kz, vesti.kz, sports.kz материалдары пайдаланылды.

БАСТЫ БЕТКЕ ОРАЛУ