logo
17 июня 2025
Жаңартылған спорт туралы заң күшіне енді: жүйелі реформаларға бетбұрыс

2025 жылғы 16 маусымда Қазақстан Республикасында Мемлекет басшысы 2025 жылғы 15 сәуірде қол қойған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне дене шынықтыру және спорт мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу, сондай-ақ артық заңнамалық реттеуді алып тастау туралы» Заң өз күшіне енді.

Аталған құжатты Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрлігі әзірлеген. Оның мақсаты - саланы жаңғырту, мемлекеттік спорт саясатының тиімділігін арттыру және құқықтық базаны нығайту.

Заңдағы негізгі өзгерістердің бірі - кәсіби командалық клубтарға, соның ішінде хоккей ұжымдарына бөлінетін бюджеттік қаржыландыруға лимиттер енгізу. Бұл шара шығыстардың ашықтығын қамтамасыз етіп, мемлекет қаржысының тиімсіз жұмсалуына жол бермейді әрі спорт түрлері арасында ресурстардың әділетті бөлінуіне жағдай жасайды.

Сонымен қатар, легионерлерді бюджет қаражаты және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің есебінен қаржыландыруға тыйым салынды. Бұл норма қазақстандық хоккейшілердің ел ішіндегі командаларға көптеп тартылуына және жас спортшылардың кәсіби клубтарға жол табуына сеп болады.

Заңда «басым спорт түрлері» ұғымы нақтыланып, олардың тізімін республикалық та, өңірлік деңгейде де бекіту мүмкіндігі қарастырылған. Қоғамдық маңызы зор, бұқаралық сипаттағы спорт түрі ретінде хоккей жоғары нәтижелер мен әлеует көрсете отырып, басым бағыттар аясында мемлекеттік қолдауға ие бола алады.

Бұдан бөлек, құжат дене шынықтыру және спорт саласында тік басқару жүйесін енгізуді көздейді. Бұл орталық және жергілікті атқарушы органдар арасындағы өзара үйлесімділікті нығайтып, хоккей инфрақұрылымын дамыту, мамандар мен жастар резервін даярлау секілді мәселелерді жүйелі шешуге мүмкіндік береді.

Қабылданған түзетулер, әсіресе, балалар мен жасөспірімдер хоккейін қолдауға, дамытуға және оның материалдық-техникалық базасын жақсартуға ерекше серпін береді. Бұл – хоккейге көп баланың қызығушылығын оятып, ұлттық құраманың болашақ сапын кеңейтуге ықпал ететін маңызды қадам. Сонымен қатар, енгізілген өзгерістер Қазақстандағы спортты тұрақты құқықтық негізде дамытуға берік іргетас қалайды.

Анықтама ретінде: Бүгінде Қазақстанда хоккеймен айналысатындар саны шамамен 15 000 адамды құрайды, бұл көрсеткіш 2020 жылдан бері 3000-ға артқан. Pro Ligasy Қазақстан чемпионатында –11 команда өнер көрсетсе, жастар арасындағы JAS лигасында 12 команда бақ сынауда. Алдағы маусымда өңірлерде тағы екі жастар клубын ашу жоспарланып отыр. Әйелдер арасындағы QYZ чемпионатында 6 команда ойнайды. Қазіргі таңда 9000-ға жуық бала хоккеймен шұғылданып жүр, олардың 5000-нан астамы республикалық деңгейдегі жарыстарға қатысады.

БАСТЫ БЕТКЕ ОРАЛУ