Даниялық Хернингте 2025 жылғы әлем чемпионатының алғашқы матчын Қазақстан Норвегия командасына қарсы өткізеді. Соңғы рет қарсыластар Ригадағы 2023 жылғы әлем чемпионатында кездесті. Ол кезде де кездесу турнирдегі алғашқы матч болатын және біздің хоккейшілер Ғалым Мәмбетәлиевтің жетекшілігімен 4:3 есебімен буллиттер бойынша жеңіске жетті. Жеңіс соққысын Роман Старченко жасады.
Ригадағы 2021 жылғы ковид кезіндегі чемпионатта дәл осы Норвегиядан соңғы матчта 1:3 есебімен жеңілу Қазақстан құрамасын өз тарихында алғаш рет турнирдің плей-оффына өткізбеді. Негізгі уақыттағы тең есеп командамызға мақсатына жетуге көмектесер еді, алайда дәл сол чемпионатта құлдыраған норвегтер ештеңені шешпейтін матчта қарсыластың сазайын беруге бел буды.
2016 жылы олимпиадалық іріктеу матчында Қазақстан құрамасы овертаймда жеңіске жетті (4:3 ОТ), жеңіс голын сол кезде Брэндон Боченски салды. Ал соның алдында – дәл сол жылғы әлем чемпионатында қарсылас 2:4 есебімен басым түсті.
Қарсылас құрамындағы ойыншылар түгел дерлік Еуропада ойнайды – ұлттық чемпионатта, көпшілігі Швецияда, сондай-ақ Финляндияда, Чехия мен Германияда ойнайды. Норвегияның ең жас ойыншысы – Стайн Сольберг (19 жас) ҰХЛ драфтының бірінші раундында «Анахайм Дакс» командасы тарапынан таңдалған екінші норвег хоккейшісі. Қазір ол АХЛ-да сан-диеголық фарм-клуб үшін ойнайды. Тағы бір қорғаныс ойыншысы 24 жастағы Эмиль Лиллеберг екінші маусым қатарынан ҰХЛ-да Тампа үшін өнер көрсетіп келеді.
Норвегия құрамасының тағы бір қызықты ойыншысы – 2021-2022 жылғы маусымда «Барыста» ойнаған Якоб Берглунд. Швед хоккейшісі Норвегия құрамасын таңдады және осы ел үшін өзінің алғашқы әлем чемпионатын өткізеді.
Әлем чемпионаты қарсаңындағы жолдастық матчтарды норвегтер ақпанда-ақ өткізіп бастады. Егер Қазақстан құрамасы Словения (2:3), Беларусь (0:2) және Ресейге (1:4) қарсы үш матч ойнап, ақпандағы Азия ойындарының триумфаторы болса, қарсылас дайындық кезеңінде биыл 8 кездесу өткізді. Ақпан айында Данияны (5:2) және Францияны (3:2) жеңді. Сәуірде олар венгрлерге екі рет есе жіберді (3:5, 0:2), ал француздармен екі кездесуде алдымен 2:1 есебімен жеңіп, келесі күні 1:4 есебімен жеңілді. Әлем чемпионаты алдындағы жолдастық матч бойынша соңғы қарсыласы Латвия болды. Екі кездесу де негізгі уақыттан тыс аяқталды – 1:2 ОТ және 2:1 ОТ.
Норвегия – Қазақстан матчы Астана уақытымен 15:20-да басталады. Көрсетілім QAZSPORT телеарнасының тікелей эфирінен, сонымен қатар Inhockey.tv сайты мен Кинопоискте көрсетіледі.
KAZ Minerals – Қазақстан хоккей федерациясының серіктесі.
БАСТЫ БЕТКЕ ОРАЛУ