24 сентября 2025
Никита Бояркин – БАҚ тұжырымы бойынша өткен маусымның үздік хоккейшісі

Журналистер өткен маусымның қорытындысын шығарып, 2024–2025 жылдардағы үздік хоккейшіні анықтады. Сауалнамаға 43 қатысушы қатысып, әрқайсысы үздік үш ойыншыны атады. Дәстүр бойынша бірінші орынға – үш ұпай, екіншіге – екі, ал үшіншіге – бір ұпай берілді.
Сауалнама қорытындысы бойынша өткен маусымның үздік хоккейшісі болып «Барыс» пен Қазақстан ұлттық құрамасының қақпашысы Никита Бояркин танылды. 26 жастағы голкипер ақпан айында ауыр жарақат алып, маусымды соңына дейін өткізе алмағанына қарамастан, тұрақты чемпионат барысында көрсеткен ойыны оның «Барыстың» үздік ойыншысы екенін еш күмәнсіз дәлелдеді. Маусым бойы Никита жеке көрсеткіштер бойынша көшбасшылардың қатарында болды, соның ішінде соққыларды қайтару пайызы жоғары көрсеткіш көрсетті, бірнеше рет күннің үздік ойыншысы атанды, бірқатар кездесулерде қақпасын «құрғақ» сақтады және ҚХЛ Жұлдыздар матчының қатысушысы болды. Егер Бояркин жарақат алмағанда, сөзсіз, ұлттық құраманың әлем элитасында қалуы үшін бар күшін салар еді.
Сауалнама нәтижесінде 59 ұпай жинаған Бояркиннің жеңісі толықтай заңды болды. Тағы бір қызық жайт — Никитаға үшінші орын берген ешкім болмады: 13 журналист оны бірінші орынға қойса, 10-ы өткен маусымның екінші үздік хоккейшісі деп таныды.
Сауалнамада екінші орынды ұлттық құраманың және магнитогорлық «Металлург» клубының қорғаушысы Валерий Орехов иеленді. Ол жалпы 44 ұпай жинады (8 журналист бірінші орынға, 8-і екіншіге, ал 4-і үшіншіге қойған). Күмәнсіз, өткен маусым Ореховтың мансабындағы ең сәтті кезең болды. «Магнитка» екі жыл бұрынғы Гагарин кубогындағы жеңісін қайталай алмаса да, Валерий өз ойынын айтарлықтай жақсартты. Бұған оның клубтың негізгі бестігіне енуі және ҚХЛ қорғаушылары арасындағы рейтингте жоғары орын алуы дәлел. Нәтижесінде, Орехов Лиганың ең мықты клубтарының бірімен келісімшартын ұзартты — себебі ол тек шабуылда ғана емес, күштік күресте, соққыларды тосуда және үздік қорғаушыға тән өзге де элементтерде де мықты. Өкінішке қарай, Валерий Әлем чемпионатына жарақатпен барды және өзінің нақты әлеуетін толық көрсете алмады.
Үшінші орынды шабуылшы Владимир Волков иеленді. Ол Әлем чемпионатында жағымды жаңалыққа айналып, оған дейін өз клубы — көкшетаулық «Арланның» қатарынан екінші рет Қазақстан чемпионы атануына бар күшін салды. Сондықтан да Владимирдің жаңа маусымды астаналық «Барыс» сапында бастауы кездейсоқ емес. Сауалнама қорытындысы бойынша Волков 32 ұпай жинады: 7 журналист оны бірінші орынға, ал 3-еуі екінші және үшінші орындарға қойған.
Рейтингтің ондығы келесідей құрылды:
1. Никита Бояркин ("Барыс")
2. Валерий Орехов ("Металлург"
3. Владимир Волков ("Барыс")
4. Роман Старченко ("Барыс")
5. Аркадий Шестаков ("Адмирал")
6. Максим Павленко ("Уилкс-Барре/Скрантон Пингвинз"), Әлихан Өмірбеков ("Барыс")
8. Никита Михайлис ("Металлург"), Әділ Бекетаев ("Барыс")
10. Асанәли Сәркенов ("Спокан Чифс")
Айта кету керек, көп жылдар бойы үздік хоккейшіні анықтау ісімен байқау директораты айналысып келген. Оған бұл жобаның негізін қалаушы, белгілі хоккей сарапшысы әрі журналист, алғашқы мамандандырылған «Хоккей Казахстана» журналының негізін қалаған Максим Карташов жетекшілік етті. Өкінішке қарай, Максим Леонидович 2021 жылдың желтоқсанында күтпеген жағдайда өмірден өтті.
Жылдың үздік хоккейшісін анықтау бойынша үйлестіруші қызметін Азия спорт баспасөзі одағының (AIPS ASIA) атқару комитетінің мүшесі Ілияс Омаров өз мойнына алды. Ол ұзақ жылдар бойы аталған басылымның бас редакторы бола жүріп, «Хоккей Казахстана» журналын шығаруға атсалысқан.
- «Максимнің ісі жалғасуда! Елдің түкпір-түкпірінен барған сайын көп журналистер мен сарапшылар сауалнамаға қатысып жатыр», – деді Ілияс Омаров. – «Сонымен қатар айта кету керек, өткен маусым ең сәттілердің бірі болған жоқ, сондықтан үздікті анықтау оңайға соқпады».
ҚХФ бас серіктесі – «Самұрық Қазына» ҰӘҚ» АҚ
ҚХФ серіктесі – Sport Qory спортты қолдау қоры БАСТЫ БЕТКЕ ОРАЛУ