logo
8 января 2024
«Біз әлі де оңтайлы үйлесімдер іздеу үстіндеміз». Мария Федоренко U18 қыздар құрамасының Әлем чемпионатына дайындығы туралы

Үшінші қаңтар күні әлем чемпионатына дайындық аясында Өскеменде хоккейден Қазақстан юниор қыздар құрамасының оқу-жаттығу жиындарының үшінші кезеңі басталды. Қазақстан юниор қыздар құрамасының бас бапкері Мария Федоренко өскемендік «Торпедо» баспасөз қызметіне берген сұхбатында жиындарды қорытындылап, команданың әлем чемпионатына дайындығына баға берді:

- Команда Өскеменде 3 қаңтар күні жиналды, ал келесі күні әлем чемпионатына дайындық аясында үшінші оқу-жаттығу жиыны басталды. Жиынға Нидерландыға аттанатын құрам жиналды: он сегіз алаң ойыншысы және екі қақпашы. Таңертең жаттығу, кешке матч өткізді. Біз әлі де оңтайлы үйлесімдер іздеу үстіндеміз, алайда звенолардың үйлесімі мен қорғаныс желісі сәл-пәл қалыпқа түсті. Қыздардың техникалық төселуіне қарай қарапайымнан бастап ойнауға тырысамыз. Командада халықаралық аренаға алғаш шығып тұрған қыздар да бар. Қақпашылар желісіне қатысты айтар болсақ, турнир кезінде жүктелетін жауапкершілікті көтеруге деген психологиялық дайындыққа қарайтын боламыз. Жиындарда Вероника Агеева мен Арина Павловская теңдей ойын уақытын алады.

- Өткен жылы Болгарияда София Зубкова өзін жақсы көрсетті. Одан дәл сондай хоккейді күтетіні анық, биылғы маусым ойыншы үшін қалай өтіп жатыр?

- Менің Софияға қатысты алаңдаушылығым бар. Бұл құлдырауды еңсеру қажет. Нидерландыда ол бұрынғы қалпына оралады деп үміттенемін. Зубкова Златоцвета Феоктистова мен Кира Крухольскаямен бір үштікте ойнайды. Қорғаныста Полина Яковлева мен Нұрайым Серікқызы. Олар «Торпедода» да осындай үйлесіммен ойнайды. Клубтағы байланыстарды сақтауға тырысамыз.

- Алдағы турнирдегі қарсыластар туралы не айта аласыздар?

- Өкінішке қарай, әлем чемпионатындағы қарсыластар туралы толық ақпарат жоқ. Әрбір құрамада жыл сайын құрам жаңарады. Херенвенге келгеннен кейін олардың жолдастық матчтарын бақылаймыз. Бойы, салмағы келіскен және төселген ойын көрсететін Нидерланд құрамасын айрықша атап өткім келеді. Қытай құрамасы өзінің спорттағы темірдей тәртібімен аты шыққан. Латвия құрамасы да мықты құрама. 9 қаңтар күні 2010 жылы туылған жасөспірімдермен қорытынды бақылау матчын өткіземіз, ал келесі күнге Алматыға ұшу жоспарланған. Оңтүстік астанадан Ыстамбұл арқылы Нидерландқа аттанамыз.

Еске сала кетейік, ІІА дивизиондағы хоккейден юниор қыздар арасындағы әлем чемпионаты 15 және 21 қаңтар аралығында Нидерландының Херенвенінде өтеді. Қазақстан құрамасы дивизионға шығу үшін Ұлыбритания, Түркия, Латвия, Қытай және Нидерланд командаларымен тартысады.

Фото: «Торпедо» ХК баспасөз қызметі

БАСТЫ БЕТКЕ ОРАЛУ