logo
17 декабря 2022
ЖӘЧ-2023. Норвегия-Қазақстан. Матчтың аңдатпасы

Жастар әлем чемпионатын Қазақстан құрамасы норвегтерге қарсы матчпен аяқтайды.

Біздің жоғары санатқа өту-өтпеуіміз дәл осы турнир иелеріне байланысты болып тұр.

Норвегия құрамасындағы ойыншылардың көпшілігі Швецияның жастар лигасында өнер көрсетеді. Олардың әрқайсысы жақсы ойын тәжірибесін жинақтап, өз ұжымдарының көшбасшыларының бірі болып жүр.

«Викингтер» қорғаныстың соңғы шебін еш уайымдамаса болады. Матиас Анкверннің негізгі қақпашы функциясын атқаратыны айдан анық. Ол Швецияның «Мора» клубы үшін ойнап, жастар командасының негізгі голкипері саналады.

Дене тұрқы аса алып болмаса да, Маркус Стенсруд жақсы ойын көрсетіп жүр. 18 жасында ол жоғарғы норвегиялық лиганың «Сторхамар» клубының негізгі қақпашысы атанып үлгерді.

Қорғаныста да аса қиындық жоқ. Бақылау матчтарында қорғаушылардың алғашқы жұбы «Лександ U-20» клубынан оңқай Исак Хансен мен «Фриск Аскерден» Эмиль Васенден болды.

«Фарьестада U-20» командасындағы Тобиас Ларсен де норвегиялық құраманың негізгі қорғаушыларының қатарына кіреді.

Швециялық чемпионаттың тағы бір өкілі – Габриэль Кох биылғы маусымнан бері «Мальмё» намысын қорғап жүр.

Шабуылдағы жағдай тіптен қызық. 10 шабуылшы Швеция лигасында ойнайды. Еуропаның ең мықты чемпионаттарының бірінде дебют жасап үлгергендері де бар.

Мысалы, «фарьестадтық» Мартин Йосен. Ол негізгі құрам мен жастар құрамының матчтарына кезек-кезек қатысады. Алайда Швеция чемпионы атанып үлгерді.

Каспер Магнуссен «Лександта» ойнайды. SHL-де 7 матчты жеңді, олардың бірі плей-офф ойыны.

Бұл маусымда «Мораның» бірінші командасындағы өз дебютін Михаэль Брандсегг-Нюгорд жасады.

Ішкі чемпионат өкілдерінен қорғаныс шебінің форварды, «Рингерикеде» ойнайтын Соле Мариус Рюен көзге түсіп жүр.

Әлем біріншілігі алдында Норвегия құрамасы бірқатар бақылау матчтарын өткізді.

Алдымен немістерді жеңді (2:1), одан кейін Швейцариядан жеңілді (4:6), алайда әрі қарай қатарынан үш жеңіске қол жеткізді: Словакияны (4:3 ОТ), Данияны (3:1) және Францияны (5:0) жеңіп кетті.

Өткен жылдың 13 желтоқсаны күні біз норвегтермен кездесіп, өкінішке орай, 2:5 есебімен есе жібердік. Қазақстан құрамасынан Дінмұхамед Қайыржан мен Алдияр Нұрлан гол салды.

2016 жылғы жастар әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы Норвегиядан басым түсті (3:2). Сол ойында біздің құрамадан Саян Данияр, Валерий Орехов пен Андрей Хрестьяновский гол салды.

Бір жыл бұрын қазақстандықтар «викингтерді» буллиттер сериясында жеңді (3:4). Сол кездесуде дубльді өз есебіне Әлихан Әсетов жазып, Есмұханбет Төлепберген бір гол салған болатын. Жеңіс әкелген буллитті қазір «Құлагер» құрамында ойнайтын Владимир Волков салды.

Қазіргі сәтте Норвегия жеңіліссіз келе жатыр. Чемпионат өткізуші елдің қоржынында 12 ұпай және қатарынан 4 жеңіс бар. Біздің жігіттер турнир кестесінде 2-орын алды. Элиталық дивизионға шығу үшін біз қарсыласты негізгі уақытта жеңуіміз керек.

Жігіттерден тамаша хоккей мен дәл сондай нәтиже күтеміз! Жанкүйер болайық!

 

 

БАСТЫ БЕТКЕ ОРАЛУ