Мария Федоренко: «Эмоциямен күресуге толық дайын емес дебютанттар көп»

Қазақстанның 18 жасқа дейінгі ұлттық құрамасы IIA дивизионындағы әлем чемпионатында «күміс» жүлдеге ие болды. Турнирдің төрт матчында біздің қыздар ірі есеппен жеңіске жеткенімен, Корея құрамасына қарсы шешуші кездесуде жеңіске жете алмады. Әлем чемпионатының қорытындысын Sports.kz сайтына берген сұхбатында бас бапкер Мария Федоренко түйіндеді.
-
Мария Михайловна, Кореямен ойынға қатысты пікіріңіз қандай? Екінші кезеңде соғылған гол қарсыласты жігерлендіріп, алға ұмтылуға мәжбүр етті ме?
- Әрине, жігерлендірді. Қарсылас оңай болған жоқ. Конькимен сырғанауы, техникалық шеберлігі мен тактикалық дайындығы жоғары. Мүмкін жігерлендіргеннен гөрі, жылдамдық қосты, олар қуып жетуге тырысты. Біздің қыздар ойынды жаман бастаған жоқ, бірақ жіберіп алған голдар сәл сындырды.
- Екінші кезеңде Корея төрт рет айып алаңына отырды, бірақ біз тек бір шайба ғана соқтық. Қарсыластың қорғанысын бұза алмадық па?
- Әрине, эмоциялық жағдай әсер етті. Сонымен қатар екі құраммен ойнауға көштік, физикалық күш сәл жетіспеді, шаршап, қателіктер жібере бастадық.
- Үшінші кезеңде жіберіп алған шайбаға қарамастан, өзіміз де соға алатын мүмкіндіктер болды. Алайда бір минуттың ішінде тағы үш шайба өткізіп алдық. Мұның себебі неде?
- Не айтарымды да білмеймін. Алғашқы шайба бізді сәл шайқалтты, ес жинап үлгергенше екінші, үшінші шайбаларды өткізіп алдық.
- Жауапкершілік жүгі әсер етті ме?
- Әрине. Құрамда дебютанттар өте көп, олар эмоциямен күресуге әлі толық дайын емес. Финалдың жеңіл болмайтынын айтқанбыз, бірақ бәрібір әсер етті.
- Қалған командаларды ірі есеппен жеңдіңіздер. Жалпы, құрам жоғары дивизионға қаншалықты дайын?
- Менің ойымша, биыл да мүмкіндік болды. Ең алдымен құрам тереңдігі жетіспейді, ойыншылар аз. Қалалар бойынша да қыздар аз, сондықтан әлем чемпионатына мықты іріктеу жасау қиындау.
- Құрама көшбасшысы София Зубкова және оның жасындағы бірнеше ойыншы енді 18 жасқа дейінгі әлем чемпионатында ойнай алмайды. Олардың орнын басатындар бар ма?
- Әрине, маусым барысында қараймыз. 11–14 жас аралығындағы балалар арасында турнирлер өткіземіз, сол жерден қыздарды бақылап жүрміз. София Зубкова деңгейіндегілер әзірге жоқ, бірақ клубтарда қыздар дайындалады, қарымта қайтаруға тырысамыз.
БАСТЫ БЕТКЕ ОРАЛУ