logo
2 февраля 2023
Мария Федоренко: «Меніңше, біз А тобында бәсеке туғызамыз»

Қазақстанның жасөспірім қыздар құрамасы екінші дивизионның В тобында әлем чемпионатының «алтынын» жеңіп алды. Болгарияның София қаласында өткен турнирде біздің қыздар 5 матчтың бесеуінде жеңіске жетіп, кездесулердің көпшілігінде бәсекелестерін ойсырата жеңді. Команданың бас бапкері Мария Федоренко ҚХФ баспасөз қызметіне берген сұхбатында турнирді қорытындылады.

- Мария Михайловна, осы құраманың құрамы қалай қалыптасқанын айтып беріңізші?

- Құрамды жасақтау екі кезеңнен тұрды. Жаңа жылдың алдында байқау форматында оқу-жаттығу жиыны өтті, Қазақстанның түкпін-түкпірінен жасы бойынша келіп тұрған қыздардың барлығын шақырдық. Техникалық, физикалық көрсеткіштері бойынша әлем чемпионатында ойнай алатын ойыншыларды қарадық. Жиындардың екінші кезеңі Өскеменде өтті, оның мақсаты физикалық, тактикалық дайындық, звенолардың үйлесімі, сондай-ақ әртүрлі жастағы жігіттермен жаттығу ойындарын өткізу болды.

- Бұл командада айтарлықтай жас қыздар көп. Ел чемпионатында қыздар командаларының аса көп емес екенін ескерсек, олар ойын тәжірибесін қайда алады?

- 2005 пен 2008 жылдар аралығында туылған қыздар. Қыздардың көпшілігі 2006-2007 жылы туылғандар. Қыздар командалары аз, дегенмен біз Қазақстан чемпионатын төрт тур бойы өткіземіз, ойын жеткілікті. Оның үстіне, бізде Қазақстанның балалар-жасөспірімдер чемпионатында ұлдардың орнына ойнайтын қыздар да бар. Әрқайсысы өз қаласында өз клубы атынан қандай да бір жарыстарға қатысып жүреді.

- Бельгияға қарсы матч ең қиыны болды ғой деймін. Қарсыластарға бір шайба есе жіберген кезде ойынның екінші үзілісінде қыздарға не айттыңыз?

- Иә, бұл матч ең қиыны болды. Дегенмен шаршағанымыз шықты ғой деймін. Жаңа Зеландиямен матчтың кейінге шегерілуіне байланысты біз қатарынан үш матч ойнадық. Әрине, біз екінші кезеңнен кейін 2:3 есебімен артта қалғанда қыздарға бар күш-жігерімізді жисақ қана жеңе алатынымызды түсіндірдік. Қыздар бойларын тіктеп, жеңіске жетті.

- Өткен жазда осы құрамдағы қыздардың көпшілігі Түркиядағы кейінгі қалдырылған әлем чемпионатында алғаш рет халықаралық деңгейде өнер көрсетті. Осы тәжірибе көмектесті ме?

- Түркиядағы чемпионатқа қыздар алғаш рет барды. Дәл осы құрам түгелдей дерлік Болгариядағы әлем чемпионатына қатысып отыр деуге болады. Қыздар неге ұмтылу керектігін түсінді, өз қарсыластарын бағамдады. Кез келген ойын тәжірибесі пайдалы, және осы тәжірибе оң әсер берді. Тек әлемдік біріншіліктерде ғана емес, қыздардың қатысуымен өтетін халықаралық турнирлерге көбірек қатысқымыз келеді.

- Келесі жылы сіздер екінші дивизионның А тобына шығасыздар, осы құрамның көпшілігі бара ала ма онда?

- Иә, келесі әлем чемпионатына қазір чемпион болған осы командадан екі қыз ғана бармайды: Катрин Мескини мен Мадианна Нусупова. Олар жасы бойынша өтпейді. Қалған құрам барын салады, біз А тобында бәсеке туғызамыз деп ойлаймын. Оның үстіне, өсіп келе жатқан қыздар бар, оларды да дайындаймыз. Олар біздің назарымызда, міндетті түрде барлығын жинап, қандай да бір оқу-жаттығу ойындарын өткізіп, жалпы осындай жарыстарға дайындайтын боламыз.

 

БАСТЫ БЕТКЕ ОРАЛУ