logo
14 мая 2023
Максим Мухаметов: «Команданың жеңісі»

Турнирдің дебютанты Максим Мухаметов әлем чемпионатындағы алғашқы голын салды. Екінші кезеңде төртінші звено ұйымдастырған шабуыл нәтижесінде шайба қақпаға өтті. Осы сәттен бастап Қазақстан құрамасының ойыншылары өз күштеріне сеніп, алға ұмтылды.

-        Максим, бірінші ойын, дебют, қандай сезімдесің?

-        Қуанышты сезімдемін. Жеңгенімізге қуаныштымын, басында осалдау бастап, кейін ерік-жігер танытып, жеңіске жеттік.

-        Көпшілігі дебют жасады, қобалжу болды ма?

-        Аздаған қобалжу болды, әрине. Себебі жігіттердің көпшілігі, оның ішінде өзім де ересектер деңгейіндегі әлем чемпионатында алғаш рет ойнап тұрмыз. Аздаған қобалжу болды, алайда Құдайға шүкір, сенімді қимылдап, ойынға қойып кеттік.

-        Гол туралы айтып берсең, қалай салдың?

-        Аймақтан жақсы шықтық, Самат өткізді, Әділ Бекетаев Батырланға берді, Батыр мені көріп пас берді де, маған тек қақпаға түсіру қалды. Мүлт кетпегені жақсы болды.

-        Өзара дайындық болды ма?

-        Иә, жақсы жұмыс болды, бір-бірімізді көріп, сездік. Осының арқасында гол сала алдық.

-        Қарсыластар айтарлықтай алып, еңселі. Айырмашылықты сездіңдер ме?

-        Иә, күштік тартыста ауырлау екенін сездім. Ал жалпы алғанда, барлығымыз бірдейміз. Алайда бүгін біз жақсырақ болдық.

-        Чехия құрамасының құрамы танымал, жұлдыздар көп. Мұндай қарсыластарға қарсы шығу қалай?

-        Барлығына дайындық бірдей. Тек тапсырманы жүз пайыз орындасақ, барлығы оңынан болады.

-        Екінші кезеңнен кейінгі үзілісте бапкер не деді?

-        Бұл біздің ойын, оны жеңіске дейін жеткізу керек деді. Және біз жеткіздік.

-        Бұл сенімділік сенің шайбаңнан кейін пайда болған шығар?

-        Бәлкім, бастап берген шығармыз, бірақ жігіттер мықты. Валера, Никита және Рома Старченко буллитте өз жұмыстарын жақсы атқарды. Команданың жеңісі. Андрюха Шутов жарады. Жалпы тұтас команда мықты.

БАСТЫ БЕТКЕ ОРАЛУ