logo
29 декабря 2024
Кирилл Ляпунов: «Нашар ойнадық, қателіктерге бой алдырдық»

Қазақстан құрамасының Чехия командасының қақпасына салған алғашқы голының авторы – шабуылшы Кирилл Ляпунов Қазақстан хоккей федерациясының баспасөз қызметіне берген сұхбатында ойынды қорытындылап, өткен матчқа қатысты пікір білдірді.

- Бірінші кезекте жанкүйерлердің алдында, тұтас елдің алдында кешірім сұрағым келеді, нашар ойнадық, қателіктерге бой алдырдық. Мұндай енді қайталанбайды. Матч барысында қажетсіз қателіктер болды, үшінші кезеңде жинақталдық, командамен ақылдасып шықтық. Және үшінші кезеңнің соңы сәтсіз болды, шыдап-бағу керек едік.

- Десе де, ойынның басында жылдам қимылдадыңдар, қозғалыс жақсы болды. Барлығы қай сәтте қиыс кетті?

- Иә, қозғалыс жақсы болды, тіпті алғашқы кем құраммен төтеп бердік, одан кейін де жақсы ойнадық. Алайда екінші гол бізді сүріндірді, қажетсіз голдар өткізіп алдық та, барлығы қиыс кетті.

- Давлет Нуркеновте қақпашымен бетпе-бет қалған сәт болды. Егер ол салғанда, барлығы басқаша болар ма еді?

- Білмеймін. Кім білсін, бізде ондай сәттер көп емес, ойын бірқалыпты болуы үшін барлығын жүзеге асыру қажет.

- Психологиялық қысым тұтас командаға әсер етті ме?

- Білмеймін, олай болуы да мүмкін, тұтас команданың салы суға кеткендей болды, ешкімнің ойыны жүрмеді. Әйтпесе, жақсы сәттер болды, басы жақсы басталды.

- Алайда чехтер ойнауға болатын команда емес пе? Құрамдарында биыл біздің жасөспірімдерден жеңілген ойыншылар болды.

- Иә, ойнауға, шабуылдауға, ұтымды сәттер туғызуға болушы еді. Бізбен не болғанын білмеймін, сол күн сәтті болмады.

- Ертең жаттығу, ойын жоқ, ол күнді қалай өткізу маңызды?

- Ең бастысы, жақсылап демалу, қалыпқа келу, одан кейін сырғанаймыз, жақсы жаттығу өткіземіз. Талдаймыз, қатемен жұмыс жасаймыз, келесі матчқа дайындаламыз.

- Келесі ойын словактарға қарсы, олар деңгейлері жоғары, алып команда, қарсыласқа қалай дайындалу керек?

- Қарсыластың габаритіне мән берудің қажеті жоқ, шығып, барлығымен тістесу керек, бастысы жеңу және бапкердің айтқанын орындау. Қорғаныста мығым болу, шабуылдағы сәттерді жіберіп алмасақ – бізде барлығы жақсы болады.

БАСТЫ БЕТКЕ ОРАЛУ