logo
25 июня 2025
Қазақстан мектептеріне хоккей жабдығы мен 600 жиынтық форма беріледі
Хоккей баршаға қолжетімді бола түсуде — Қазақстан хоккей федерациясы (ҚХФ) мен ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Ұлттық дене шынықтыру ғылыми-практикалық орталығы (ҰДШ ҒПО) өзара ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Жоба бұқаралық спортты дамытуға, балаларды белсенді өмір салтына тартуға және өңірлерде хоккей спортын насихаттауға бағытталған. 
Ынтымақтастық аясында ел мектептеріне қажеттінің бәрі жеткізіледі: хоккейге арналған құрал-жабдықтар, сырғанауды үйретуге арналған тіректер, сондай-ақ 600 жиынтық форма — қорғаныс экипировкасы, дулығалар және коньки. Алғашқы жиынтықтарды Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан және Қостанай облыстарының мұғалімдері алып үлгерді. Жоба республика бойынша 50 мектепті қамтиды деп жоспарланып отыр.
Бастаманың маңызды бағыттарының бірі — Salem Hockey бағдарламасы. Бұл бағдарлама балаларды хоккеймен қызықты форматтар арқылы таныстыру мақсатында әзірленген: сабақтар, фестивальдер, шеберлік сағаттары, экскурсиялар және тіпті «Демалыс күнгі хоккей» шаралары өткізіледі. Сондай-ақ жоба аясында арнайы сайт іске қосылды, онда ойын ережелерінен бастап, қажетті жабдықты таңдауға дейінгі барлық ақпарат қарапайым әрі түсінікті түрде ұсынылған.
Жобаның тағы бір маңызды бөлігі – білім беру бағыты. Дене шынықтыру пәні мұғалімдері JAS NOMAD бағдарламасы бойынша арнайы семинарлардан өтеді. Онда олар хоккейдің негіздері мен оны оқыту әдістемесі жөнінде базалық білім алады.
Келісімге Қазақстан хоккей федерациясының бас директоры Сәкен Мұсайбеков пен Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығының басшысы Арман Ташметов қол қойды. Салтанатты рәсімге сондай-ақ ҚР Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев пен ҚР Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан қатысты.
Жобаның мақсаты қарапайым — әрбір балаға хоккейде өз күшін сынап көруге мүмкіндік беру. Бәрі қарапайым мектеп сабағынан басталады, ал әрі қарай бәрі мүмкін: спорт мектептері, жарыстар және армандаған командасы да болады.
ҚХФ бас серіктесі – «Самұрық Қазына» ҰӘҚ» АҚ
ҚХФ серіктесі – Sport Qory спортты қолдау қоры
БАСТЫ БЕТКЕ ОРАЛУ