logo
12 января 2024
Қазақстандық хоккей 67 жылдығын атап өтуде

1957 жылдың 12 қаңтарында Алма-Атада алғашқы ресми хоккей матчы өтті. Дәл сол кезде алғаш рет шайбалы хоккейден ҚазКСР чемпионаты басталды. 2024 жылы қазақстандық хоккей 67 жылдығын атап өтуде.


Алпысыншы жылдары хоккей біртіндеп Қазақстан аумағын қамтыды. ҚазКСР чемпионаты А және Б санаттарында өтті. А санатында Торпедо» (Өскемен), «Автомобилист», «Еңбек» (Алма-Ата), «Булат» (Теміртау), «Автомобилист» (Қарағанды) өнер көрсетті. Б санатында «Спартак» (Алма-Ата), «Строитель» (Қарағанды), «Горняк» (Рудный), «Авангард» (Петропавл), «Восток» (Өскемен), «Металлург» (Зыряновск), «Иртыш» (Павлодар), «Север», «Строитель» (Жезқазған) командалары ойнады. ҚазКСР біріншілігіне сонымен қатар Алма-Атадан, Петропавлдан, Семейден, Гурьев пен Целиноградтан басқа да командалар қатысты.


Тәуелсіз Қазақстан чемпионаты 1992 жылы басталды, халықаралық деңгейге де біздің хоккей сол кездешықты, Қазақстан хоккей федерациясы ресми түрде Халықаралық хоккей федерациясына (ИИХФ) кірді. 1993 жылдан бастап алдымен ұлттық ерлер құрамасы, содан кейін жастар, жасөспірімдер және әйелдер құрамалары әлем біріншіліктеріне қатыса бастады. 1998 жылы Қазақстан құрамасы алғаш рет Наганодағы Олимпиада ойындарына қатысты, әзірге бұл ең үздік нәтиже – Олимпиада ойындарының ширек финалы. 2002 жылы әйелдер құрамасы өнер көрсетті, ерлер Солт-Лейк-Ситиге өте алмады. 2006 жылы Туринде ерлер құрамасы 12-ден 9-орынға ие болды.



2024 күнтізбелік жылы тарихта алғаш рет үш бірдей құрама – жасөспірімдер, жастар және ұлттық құрамалар әлем чемпионатының элиталық дивизионында өнер көрсетеді. ИИХФ әлемдік рейтингінде Қазақстан бүгінгі таңда 15-ші орында.

Қазіргі уақытта Қазақстанда Pro Ligasy кәсіби лигасында – 11 команда, Jas жастар лигасында – 12, Qyz қыздар лигасында 6 команда өнер көрсетуде. 5000-нан астам әуесқой хоккеймен айналысады және Tungy Ligasy әуесқой лигасында ойнайды.

Қазақстанда 9000-ға жуық бала хоккеймен айналысады, оның ішінде 5000-нан астам бала республикалық жарыстарға қатысады. Республиканың балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінде 300-ден астам жаттықтырушы жұмыс істейді. Мұз ареналарының саны артты, бүгінгі таңда елімізде қарапайым модульдерден бастап көпфункционалды мұз сарайларына дейінгі 47 алаң бар.

Қазақстандық хоккей өз дамуын жалғастыруда, балаларды спортқа тарту, мамандарды оқыту, сондай-ақ бұқаралық сипатын дамыту бойынша жаңа бағдарламалар іске асырылуда.


БАСТЫ БЕТКЕ ОРАЛУ