logo
23 сентября 2022
Қазақстан 2027 жылғы әлем чемпионатын өткізуге өтінім берді

Халықаралық мұздағы хоккей федерациясы Қазақстаннан, Германия мен Норвегиядан 2027 жылғы әлем чемпионатын өткізуге үш өтінім-хат қабылдады.

Еліміз бұған дейін топ-дивизионның турнирлерін қабылдаған жоқ. Алайда Қазақстанда жарыстарды қабылдауға дайын екі үлкен мұз кешені – сыйымдылығы 11400 адамдық «Барыс Арена» мен сыйымдылығы 12500 адамдық «Алматы Арена» бар. ҚХЛ-да өнер көрсететін «Барыстың» үй алаңы бірінші дивизионның А тобында 2019 жылғы әлем чемпионатын қабылдады. «Алматы Арена» хоккей турнирі өткен 2017 жылғы Қысқы Универсиадаға арнап салынған болатын.

Германия 1930 жылдан бастап 9 рет элиталық дивизионда әлем чемпионаттарын өткізді. Соңғы рет бұл ел 2017 жылы Францияның Парижімен бірге Кельнде турнир өткізді. 2010-да чемпионатты жалғыз өзі өткізді, матчтар сондай-ақ Кельн мен Мангеймде өтті. Ашылу матчы Гельзенкирхен қаласындағы футбол стадионында өтіп, хоккей матчына қатысқан көрермен саны бойынша әлемдік рекорд орнатты.

Норвегия әлем чемпионаттарын бұған дейін екі рет өткізді – 1958 жылы Осло мен Лиллехаммерде, 1999 жылы Осло мен Хамарда. ӘЧ-2027-ге өтінім беру үшін басқа орындар мен жаңа спорт объектілері жоспарланып отыр. Норвегия Федерациясы Берум және Тронхейм қалаларына өтініш беру үстінде. Осы маңындағы Берумде 14000 орындық мұз аренасына айналдыруға болатын жабық футбол стадионы – «Теленор Арена» орналасқан. Тронхеймда 2019 жылы ескі спорт кешенінің орнына 8600 орындық «Тронхейм Спектрум» сарайы салынды.

Үш үміткер де алдағы бірнеше айда толықтай өтінім жобасын жасаумен айналысып, әрі қарай ИИХФ кеңсесінде таныстырады. 2027 жылғы хоккейден әлем чемпионатын өткізуші ел 2023 жылдың мамыр айында Финляндияның Тампере қаласында жыл сайынғы IIHF конгресінің қорытындысы бойынша анықталады.

Келесі әлем чемпионаттары келесі қалаларда өтеді:

Финляндия, Тампере және Латвия, Рига, 2023 жылдың 12–28 мамыры

Чехия, Прага және Острава, 2024 жылдың 10–26 мамыры

Швеция, Стокгольм және Дания, Хернинг, 2025 жылдың 9–25 мамыры

Швейцария, Цюрих және Фрибург, 2026 жылдың 15–31 мамыры

Дереккөз: IIHF.COM

ҚХФ бас серіктесі – «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ

ҚХФ серіктесі – Sport Qory спортты қолдау қоры

 

БАСТЫ БЕТКЕ ОРАЛУ