8 қарашада Алматыда Қазақстан құрамасы Қытай командасымен кездеседі. Алдағы қарсылас туралы баяндаймыз.
Кездесулер тарихы
Қазақстан мен Қытай өз тарихында ресми турнирлер аясында 7 рет кездесті. Бұл текетірестер толықтай біздің құраманың пайдасына шешілді. 7 ойында біздің команда 7 рет жеңіске жетті: қытайлық команданың қақпасына 93 шайба салып, екі-ақ рет шайба өткізді.
Қазақстан мен Қытай арасындағы алғашқы ресми матч 1995 жылы 21 наурызда Әлем чемпионатының С1 тобы аясында өтті. Турнир Болгария астанасы – Софияда өтті. Кездесу қазақстандықтардың асқан сенімділігімен аяқталды – 12:0.
1996 жылғы 6 ақпанда Қазақстан құрамасы Қытаймен тағы да кездесті: Олимпиада ойындарына іріктеу кезеңі аясында ойнады. Дәл сол матчта Қазақстан Қытаймен текетірестегі ең ірі жеңіске қол жеткізді. Қорытынды есеп – 20:0. Айтқандай, матч Харбинде өтті.
Дәл сол жылдың наурыз айында командалар словениялық Блед қаласында Әлем чемпионатында кездесті. Тағы да біздің хоккейшілердің бәсі биік болды – 15:0.
Қазақстан құрамасының қақпасына алғаш салған шайбасын қытайлық хоккейшілер 2001 жылдың 15 сәуірінде тойлады. Бұл Люблянде өткен әлем чемпионатының В тобындағы матч болатын. Қазақстандықтар қарсыласты 12:1 есебімен жеңіп, тағы да шашасына шаң жуытпады.
2007 жыл. Тағы да әлем чемпионаты. Тағы да Қытай-Қазақстан. Қазақстандық хоккейшілер Сергей Дроздовтың жетекшілігімен қарсыласты таблодағы 12:0 есебімен ойсырата жеңді.
2011 жылдың ақпаны күні Астанада өткен Азиада аясында қазақстандықтар 14:1 есебімен сенімді түрде жеңіске жетті. Сол матчқа Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қатысты.
Қазақстан мен Қытайдың алдыңғы кездесуі 2017 жылдың 24 ақпанында өтті. Бұл құраманың Жапонияда өткен Азиададағы екінші матчы болатын. Аспан асты елінен келген команда қақпасына жауапсыз 8 шайба аттанды. Хет-трикті өз есебіне Константин Савенков жазды.
Қазіргі Қытай құрамасы
Қытайда хоккей қарқынды түрде дамып жатыр. Қазіргі таңда бұл елдің чемпионатына 4 клуб қатысады, алайда қытайлықтар ішкі біріншіліктері жыл өткен сайын дамитынына сенімді
Үстіміздегі жылдың 27 сәуірі мен 3 мамыры аралығында қытайлықтар В тобындағы әлем чемпионатының бірінші дивизионына қатысты.
Турнирдің 5 матчында Аспан асты елінің құрамасы екі рет жеңіске жетті: Нидерланд (0:3) және Испания (7:1) құрамаларын жеңді. Өз тобындағы біздің жақын қарсыласымыз 6 команданың ішінен 4-ші орынды иеленді.
Сондай-ақ 2024 жылдың аақпанында қытайлық құрама Олимпиада ойындарына іріктеу кезеңі аясында өнер көрсетті. Үш матчта бір рет жеңіске жетті (Сербияны 7:5 есебімен жеңді).
Қытай ұлттық құрамасында әр кездерде Жастар хоккей лигасында, Жоғарғы хоккей лигасы мен Құрлықтық хоккей лигасында өнер көрсеткен қытайлық клубтардың хоккейшілері бар.
Қарсыластың ең перспективалы ойыншыларының бірі ретінде 13 жасынан бері Солтүстік Американың юниорлар және жастар лигаларында ойнап келе жатқан 19 жастағы қақпашы Степен Ченді атауға болады. Өткен Әлем чемпионатында голкипер өз командасының барлық матчтарына қатысты.
Кездесулер статистикасы қазақстандық жанкүйерлер құрамадан сенімді жеңіс күте алатынын байқатады. Хоккейшілеріміз осы жолы да бізді нәтижелі ойынмен қуантады деп үміттенеміз.
БАСТЫ БЕТКЕ ОРАЛУ