logo
11 января 2023
Ғалым Мамбеталиев: «Барлығы – өзіміздің, қазақстандық жігіттер»

12 қаңтардан 13-іне қараған түні хоккейден Қазақстан құрамасы Дүниежүзілік Универсиаданың топтық кезеңіндегі алғашқы матчын Корея командасына қарсы өткізеді. Турнирдің жартылай финалына шығу үшін біздің хоккейшілер Венгрия, Ұлыбритания, Словакия және АҚШ командаларымен ойнайды. Құрамның жасақталуы, сонымен қатар команданың турнирге дайындығы туралы ҚХФ баспасөз қызметіне берген сұхбатында Қазақстан студенттер құрамасының бас бапкері Ғалым Мамбеталиев бөлісті.

- Ғалым Баубекұлы, сіз Америкаға алғашқы ойынға үш күн қалғанда ұшып кеттіңіз. Бейімделу қаншалықты қиын?

- Уақыт көрсетеді. Иә, біз басқа елдерде ойнадық, алайда әрдайым ертерек – екі апта, 10 күн бұрын ұшып келетінбіз. Қазір қысқа мерзім ішінде жігіттерді жақсы ойнайтындай бабына келтіруге тырысамыз.

- Матчтар қазақстандық уақыт бойынша түнде өтеді, қиын емес пе?

- Қиын, алайда жігіттер жас, үлкендеу жігіттерге қарағанда тезірек қалыпқа келіп, бейімделеді.

- Құрамның жасақталуы туралы айтып берсеңіз?

- Біз өзіміздің көзіміз түсіп жүрген, үміт артып отырған жігіттерді жинап алдық. Жарақат алғандары бар, Гусейнов бармай қалды. Бірінші командадан көпшілігін алғымыз келіп еді, алайда қазір олардың кестесі тығыз, болмай жатыр. Олар негізгі құрамда ойнайды. Біз өзіміздегілерді тексереміз, көп ұзамай, олар да «Барыстан» орын табады. Өзіміздегі жігіттермен барамыз, қазіргі таңда құрама жаман емес, барлығы ойнайтын жігіттер. Барлығы «сен тұр, мен атайын». «Номад» – жас команда, жас санаты бойынша да студенттік құрамаға сай келіп тұр. Барлығы – өзіміздің, қазақстандық жігіттер.

- Универсиадаға барлығының алғашқы қатысуы ма?

- Иә, олар үшін бұл белгілі бір мектеп болмақ, жігіттер басқа құрамалармен басқа хоккей ойнауға мүмкіндік алады. Америкалықтарға, канадалықтарға, словактарға қарайды. Олардың өздерін қалай ұстайтындарын қараймыз. Физикалық тұрғыдан барлығы бабында, тек сағат белдеуіне бейімделсе болғаны. Сондай-ақ не үшін бара жатқандарын түсінгендері маңызды. Әсіресе, жас хоккейшілер.

- Универсиадаға бара жатқан жігіттердің тәжірибесі қандай?

- Көпшілігі жастар арасындағы әлем чемпионаттарында, оның ішінде топ-дивизионда өнер көрсеткен. Бұл 1999-2001 жылы туылған жігіттер. Мұнда Франциядағы жастар әлем чемпионатының элиталық дивизионына жолдама алғандар да бар. Жасы кішілеу жігіттер: 2002, 2003 және 2004 жылы туылғандар да «жастарда» ойнады. Хоккейшілердің барлығы өздерін құрамада сынап көрген, кейбіреуі тіпті ұлттық командада ойнаған, олар көшті бастауы тиіс.

- Негізгі қаңқасы – «Номад», алайда құрамада сәл басқаша болады. Топтастырып үлгердіңіздер ме?

- Барлық үштіктер дайын, олар біздің «Номадта» ойнайды және талаптарды түсінеді. Артық құрам, кем құрам, бәрін біледі. Тек барлығымыз бәрін бір қайталасақ болды. «Номадта» ойнамайтындардың мықты тұстарын да, осал тұстарын да білеміз.

- Қақпашылар бойынша әлі шешпедіңіздер ме?

- Деңгейлес үш қақпашымыз бар, кім бабында болады, соны қоямыз.

БАСТЫ БЕТКЕ ОРАЛУ