logo
26 января 2023
Ғалым Мәмбеталиев: «Біз біртұтас команда болдық»

Қазақстан студенттер құрамасының бас бапкері Ғалым Мәмбеталиев команданың Дүниежүзілік Универсиадада өнер көрсетуін қорытындылады. Біздің хоккейшілер үшінші орынды анықтайтын матчта Жапонияны жеңіп, турнирдің қола жүлдесін иеленді.

- Ғалым Баубекұлы, топтық кезеңде тек АҚШ-тан жеңілдік, ол матчта не дұрыс болмады?

- Бұл қатарынан ойналған екінші ойын болды. АҚШ – мықты қарсылас. Словакиямен матчта көп энергия жұмсап қойдық. Словактардың да командасы жақсы болды. Олар америкалықтарды жеңді. Бізге осы эмоция жетіспеді. Қобалжу да болды. Өз-өзімізді қамшылап шықтық. Алайда сәл-пәл шеберлік жетіспеді.

- Астанадан Лейк-Плэсидке бір жарым тәулік жүріп жеттіңіздер. Араға екі күн салып, бірінен соң бірі матчтар басталды. Бейімделіп үлгермедіңіздер ме?

- Бұл тұрғыдан өте ауыр болды. Жалпы, кесте жақсы болды. Біртіндеп ойын өрнегімізді таптық. Бірінші матчты Оңтүстік Кореяға қарсы ойнадық. Команда жаман емес, жылдам. Оларды жеңгеніміз, турнирді жеңістен бастағанымыз жақсы болды. Корейлер сосын словактарды жеңді. Келесі қарсыластар осалдау болды. Ал ең соңына АҚШ пен Канада қалды. Оларға өте жақсы дайындық қажет болды. Бұл уақытта біз біршама бейімделіп, төселіп қалған болатынбыз.

- Турнир алдында сіз жігіттерге америкалықтар мен канадалықтарға қарау керектігін айттыңыз. Бір қызығы, екеуімен де ойнадыңыздар. Бұл тәжірибе ойыншыларға қалай көмектеседі?

- Меніңше, жігіттер бұл матчтардан көп пайдалы дүние алды. Кейде қозғалыстан, кейде күштік амалдардан қалып жатты. Осыларды қолға алу қажет.

- Сізді таңғалдырып, қуантқан кім? Мысалы, Максим Мухаметов турнирдің үздік бомбардирі атанды.

- Ешкімді бөле-жарғым келмейді. Барлығы өзін көрсетті. Біреу көбірек гол салды, біреу шайба үшін тартысты, біреу күштік амалдар қолданды, біреу шайбаны кеудесімен қақты. Біз біртұтас команда болдық. Турнир алдында ең жас жігіттерге қатысты сәл-пәл күмәніміз болды, алайда олар да өздерін жақсы көрсетті. Біздің жігіттер өсті, сондықтан да оларды алдық. Жас болса да, осындай турнирлерден кейін пісіп-жетіледі.

- Универсиаданың ұйымдастырылу деңгейіне қандай баға бересіз?

- Бастапқыда біз университет жатақханасында тұрдық, барлығы ортақ болды. Жартылай финал кезінде Лейк-Плэсидке ауыстық, бізді қонақүйге орналастырды. Қонақүй жақсы болды, спорт сарайы да мүлдем басқа деңгейде. Бөле-жарып атайтын ештеңесі жоқ. Әдеттегі жасалатын жағдай. Тамақтануы басқаша.

- Канада құрамасы алтын медаль алды. Оларды турнирдегі ең мықты команда деп санайсыз ба?

- Иә, мықты команда. Олардың жігіттері ересек, кейбірінің АХЛ-да ойын тәжірибесі бар. Канадамен матчта біздің жігіттер тырысты, барлығының көзі жанып тұрды, алайда шеберлік пен тәжірибе жетіспеді. Ештеңе етпейді, уақыт өте келе болады. Әрқайсысы соңына дейін беріспеді. Мұндай тегеурінді қарсыластың алдында бұқпантайлаған бір де бір ойыншы болған жоқ бізде.

- Орташа жас мөлшері бойынша Қазақстан құрамасы 7-орында болды. Қалай ойлайсыз, жас жігіттердің көп болуы болашақтың қамы ма?

- Меніңше, бұл тәжірибе оң әсерін береді. Қазір олар үйге келеді, барлығын ой елегінен өткізіп, өз мүмкіндіктерін бағамдайды, нені қолға алу керектігін түсінеді. Біз де бапкер ретінде немен жұмыстану керектігін байқаймыз. Алда жұмыс көп.

- Жанкүйерлерге не айта аласыз? Матчтар бірде түнгі 3-те, бірде таңғы 7-де басталды. Жанкүйерлер Қазақстан құрамасының ойынын көру үшін ұйықтаған жоқ, ерте тұрды.

- Жанкүйерлерге, жігіттерге қолдау білдірген баршаға рақмет. Ойыншылардың өздері елдің ықыласы мен тілектерінің астында қалды. Халықтың қолдауы жігіттерді үнемі жақсырақ ойнауға ұмтылдырды. Біз жаман ойнауға хақымыз жоғын түсіндік.

 

БАСТЫ БЕТКЕ ОРАЛУ