logo
17 мая 2023
Ғалым Мәмбеталиев: «Бұл жеңілістерден сабақ алуымыз қажет»

Швейцариямен матчтан кейін Қазақстан құрамасының бас бапкері Ғалым Мәмбеталиев өткен матчқа қатысты ҚХФ баспасөз қызметіне берген сұхбатында пікір білдірді.

- Үзік-үзік ойындар болды. Кейде ұтымды сәттер болды. Қозғалыс, пас беруде дәлдік, шайбаны жетер жеріне жеткізу жетіспеді. Мүлт кетіп жаттық. Қарсылас жылдам болды, кейде ілесе алмадық. Жігіттер тырысты, алайда қолдан келмеді. Шеберлік пен халықаралық дәреже жетіспеді. Алайда барын салды, оған қатысты ешкімге өкпе жоқ.

- Звенолардағы құрамдар ауысты. Мұны немен түсіндіресіз?

- Біз өзара ойыны төселген ойыншыларды іздедік. Екінші звенода бір-бірін түсіну жетіспеді. Біреуі былай тартса, екіншісі басқа жаққа тартты. Меніңше, Никита Михайлис Батырлан Мұратовпен және Максим Мухаметовпен жақсырақ ойнайды.

- Швейцарияны қазіргі таңда ең ауыр қарсылас деп атауға бола ма? Олар әзірге бір де бір гол өткізбеді.

- Жақсы қарсылас, бізге жақсы сабақ берді, немен жұмыс жасауымыз керектігін ұғындырды. Салымыз суға кетпейді, осы жеңілістерден сабақ алуымыз қажет. Жақсысын алып, жаманын қалдырамыз.

- Абай Маңғысбаев қосылды, төртінші звено ауысты. Бүгін олар үш гол өткізді, тағы да өзара ойын төселмеген бе?

- Аймақтағы концентрацияны білесіз ғой... Біздің Қазақстан чемпионатында ондай болса, мұнда барлығын жылдамырақ жасайды. Қарап үлгерді – пас берді. Барлығын әлдеқайда жылдамырақ жасау қажет.

- Мықты командаларға қарсы ҰХЛ ойыншыларымен шығып, қандай сабақ алуға болады?

- Ойыншылар үшін бұл – жақсы мектеп. Әсіресе, әлем чемпионатында алғаш ойнайтындар үшін. Бойларында құлшыныс бар. Салдары суға кеткен жоқ. Әрі қарай тартысуға дайын. Әр ойын сайын өсе береміз.

- Ертең тағы бір ауыр матч – Канадамен ойын. Қалай дайындаласыздар?

- Жоспар бойынша. Қарсыласты зерттейміз. Бүгінгі ойыннан қорытынды жасаймыз. Бұл ойынды тезірек ұмыту қажет.

 


БАСТЫ БЕТКЕ ОРАЛУ