logo
20 мая 2023
Ғалым Мәмбеталиев: «Әрбірі барын салды, аянбады»

Қазақстан құрамасы әлем чемпионатындағы екінші жеңісіне қол жеткізді: матчтан кейінгі буллиттер сериясында Словакияны жеңді. Ұлттық құраманың бас бапкері Ғалым Мәмбеталиев өткен матчқа қатысты пікір білдірді:

- Бүгін мұз бетінде қалыптасқан команданы көрдім. Барлығы бір-біріне үйренісіп үлгерді. Барын салмай, жеңіс жоқ. Әрбірі барын салды, аянбады. Өзің психологиялық және функционалдық тұрғыдан дайын кезде әрбір қарсыласты жеңуге болады. Барлығы бір-бірі үшін ойнады, көмектесті, шайбаға кеудесін тосты.

Бірінші кезеңде қажетсіз гол өткіздік. Сол эпизодта жақсы ойнамадық, шайбаны лақтыруға болатын еді. Мұздан тыс сөйлестік, жігіттер өз іс-қимылдарын түзетіп, ойынға беріле бастады. Иә, кей жерлерде шыдам жетіспеді, аластатулар болды. Қарсылас жақсы, жылдам. Онда тәжірибелі жігіттер ойнайды. Буллиттерге дейін жеттік. Андрей Шутов жарады. Жігіттер өз буллиттерін салды. Жарады.

- Словакия жігіттері итерісіп, соқтығысып ойнайтынын білеміз. Жігіттерге не дедіңіз? Бұған мән бердіңіз бе?

- Иә, арқадан итереді дедік. Шыдаңдар. Бізге жеңіс керек. Тек жеңіс жолында ойнаймыз. Жігіттер шыдап-бақты, жақсы ойнады. Жарайсыңдар!

- Бүгін бірінші звено қуантты.

- Олар бүгін өздерін көрсетуі керек болды. Тәжірибелі жігіттер. Олар бұған дайын. Ізінен ерте білді. Жарады.

- Жанкүйерлердің тарапынан мықты қолдау болғанына келісесіз бе? Шудан құлақ тұнды.

- Жақсы ойнасаң, қолдау да жақсы болады. Жанкүйерлерге көп рақмет. Жігіттер оны сезінді. Жанын салып ойнады.

- Ертең қиынырақ бола ма? Ойынның барлық билеттері сатылып кетті, арена толады.

- Сонысымен қызықты болмақ. Жеңістен кейін көңіл күй әрдайым көтеріңкі болады. Жігіттер жеңістің қалай келетінін біледі. Тек барыңды салуың керек. Ең бастысы еңселері түспей, сол екпінпен жалғастырса болды. Барлығы жақсы болады.

 

БАСТЫ БЕТКЕ ОРАЛУ