logo
​Финляндия – Қазақстан. Ойын күнінің аңдатпасы

Бүгін Қазақстан құрамасы хоккейден әлем чемпионатында екінші матчын өткізеді. Қарсылас – соңғы өткен турнир чемпиондары Финляндия. 2019 жылы финдар финалда канадалықтарды жеңген болатын.

Бүгін Қазақстан құрамасы хоккейден әлем чемпионатында екінші матчын өткізеді. Қарсылас – соңғы өткен турнир чемпиондары Финляндия. 2019 жылы финдар финалда канадалықтарды жеңген болатын. Бас бапкер – ҚХЛ-да СКА және «Йокерит» сияқты командаларда жұмыс жасаған Юкка Ялонен. Алайда, ең қызығы қарсыластың штабында қазір «Барыс» пен Қазақстан құрамасының экс-бапкері Ари-Пекка Селин жұмыс жасайды. Оның жетекшілігімен біздің ұлттық команда 2014 жылы Минскіде өткен Әлем чемпионатында өнер көрсетті. Айтқандай, дәл сол кезде Қазақстан Суомиге қарсы соңғы матчын өткізген болатын. Біздің құрама бірінші кезеңде тең түсіп, тартысты ойын көрсете білді. Нәтижесінде финдар бір шайба айырмашылығымен жеңіске жетті. Жалпы алғанда, әлем чемпионаттарының бүкіл тарихында біздің командалар небәрі үш рет кездесті, үшеуінде де жеңіс қарсыласқа бұйырды.

Финдардың құрамында қазақстандық жанкүйерге таныс тағы бірнеше адам бар. Қорғаушы Атте Охтаама өткен маусымда «Барыстан» «Локомотивке» өтіп, ал шабуылшы Ииро Пакаринен «Йокеритпен» келісімшарт жасасқан болатын. Қос экс-барыстықтар құрамаларында көшбасшы позицияларда. Дәл осы екі ойыншы АҚШ-қа қарсы алғашқы матчта командаларына жеңіс әкелген болатын. Есепті Охтамаа ашып, Пакаринен жеңіс сыйлаған шайбаны салды.
Финдар біздің хоккейшілер сияқты алғашқы матчты 22 мамыр өткізді, алайда қарсыластың қалыпқа келуге уақыты сәл көбірек болды. Себебі олардың кездесуі жергілікті уақыт бойынша 16:15-те басталса, біздің хоккейшілер кешкі матчты өткізді.
Естеріңізге сала кетейік, бір күн бұрын Қазақстан құрамасы Латвияны буллиттер бойынша 3:2 есебімен жеңді. Бапкерлер штабы командамыздың негізгі құрамына демалуға уақыт беріп, таңғы жаттығуға кеше ойнамағандар ғана шықты.
Қазақстан – Финляндия матчы Нұр-Сұлтан уақытымен 19:15-те басталады, тікелей көрсетілімді «QAZSPORT» телеарнасынан тамашалауға болады.
Фото: Ольга Бугаева
БАСТЫ БЕТКЕ ОРАЛУ