Норвегиямен матчтың бірінші кезеңінде Дмитрий Шевченко есеп ашты. Форвард үшін бұл – турнирдегі алғашқы гол. Ойыннан кейін Қазақстан құрамасының шабуылшысы өткен матчқа қатысты пікір білдірді.
- Дмитрий, не болды? Бірінші кезең жақсы ойнадыңыздар, екінші кезең теңдей өтті, ал үшінші кезеңде шегіндіңіздер ме?
- Тәртіп, ойын тапсырмасының орындалмауы себеп болды. Аса құлшыныс болмады ма, бұл – толықтай біздің кінәміз. Тек үшінші кезеңді емес, тұтас матчты құрдымға жібердік, екінші, бірінші кезең де керемет өтпеді. Осылай.
- Барлығы қалай аяқталатынына қарамастан, Қазақстан құрамасының топтық кезеңдегі ойынына қандай баға бересіз?
- Бағаны сіздер қоюларыңыз керек, біздің мақсат – плей-оффқа шығу. Біз әзірге өз міндетімізді атқара алмай жатырмыз. Егер ертең бәрі оңынан болса, плей-оффқа шығамыз, демек турнир жақсы өтті, біз міндетімізді орындадық, әрі қарай жылжимыз. Егер міндет орындалмаса, демек оны ойдағыдай өткізе алмадық.
- Мұздың сапасына қатысты не дейсіз? Сырттай белгілі бір түйткілдер бар сияқты көрінді.
- Иә, ойын өткен сайын мұздың сапасы жақсара түспейді, сондықтан оған шағымдана алмаймыз. Қарсылас та сол мұздың үстінде ойнады, жағдай ортақ, сондықтан бұл жерде мұзға жабудың қисыны жоқ.
- Италияны ойсырата жеңгеннен кейін шабуылда босаңсып қалған жоқсыздар ма?
- Мен босаңсығаным жоқ.
- Плей-оффқа кіруді мақсат етпеген Норвегия туралы не айтасыз?
- Бәлкім, олар бізге қарағанда еркіндеу болған шығар, өйткені ешқандай қысым жоқ. Дегенмен, бәрі өз қолымызда еді, тапсырманы орындап, келесі раундқа шығуымыз керек еді. Ертең енді қобалжып, сиынып, тілек тілейміз.
- Матчтың алдында-ақ қарсыластың қорғанысы мықты делінді, бұл қақпаға соққы жасауға мүмкіндік бермеді ме?
- Аз құраммен қарсылас жақсы ойнады. Бізде ойын соңында екі-үш мүмкіндік болды, алайда қарсыластың құлшынысы көбірек болған сияқты. Не бізден біз қиыс кетті.
БАСТЫ БЕТКЕ ОРАЛУ