АҚШ командасы – әлем чемпионаты фавориттерінің бірі. Америкалықтар да бес матч өткізіп, Данияны (5:0), Венгрияны (6:0) жеңіп, Швейцариядан (0:3) жеңіліп, норвегиялықтарды овертаймда жеңіп оларға бір ұпай беріп, бір күн бұрын Германияны 6:3 есебімен жеңді, немістер 0:3 есебімен теңестіргенімен, АҚШ хоккейшілері дер кезінде бойды тіктеп, ойын барысын бұрып жіберді. Әлем чемпионатының турнир кестесінде америкалықтар үшінші орында, олар даниялықтар сияқты 23 шайба салды, олардан асырып тек чехтар салды – 27. Норвегияны жеңген Қазақстан құрамасы жетінші орынға ие. Кестеде қазіргі чемпион – Чехия көш бастап тұр.
Соңғы рет қарсыластар бір жыл бұрын Чехиядағы әлем чемпионатында кездесті. Ол кезде америкалықтар 10:1 есебімен ойсырата жеңген болатын. 2021 жылы да жеңіс қарсыласқа бұйырды (3:0), сол кезде қақпада құрама үшін дебюттік матчын ойнаған Андрей Шутов жақсы өнер көрсетті. 2014 жылы Минскіде қазақстандықтар негізгі уақыттан тыс шығып, бір ұпай иеленді (3:4).
АҚШ құрамасы статистикасының көшбасшысы – Юта штатының орталық шабуылшысы Логан Кули, ол 21 жаста. 5 матчта ол 7 (4+3) ұпай жинады, «Коламбус Блю Джекетс» форварды Логан Гарланд та сонша жинады – 7 (3+4) және Аризонада 8 маусым ойнап, қазір Юта атынан өнер көрсетіп жүрген шабуылшы Клейтон Келлерде – 2 (2+5). Біздің ұлттық құрамадан көшті бұрынғыша 4 (3+1) ұпай жинаған Никита Михайлис бастап тұр. Жалпы, қарсылас команда тұтастай «сен тұр, мен атайын» деген ойыншылардан құралған.
Егер АҚШ ростерін ашсақ, студенттік командалардан келген екі ойыншыны қоспасақ, барлығы дерлік ҰХЛ-да ойнайды. Оның үстіне, біршама маусым өткізіп, елеулі статистика көрсеткендер де бар. Мысалы, команданың танылған жұлдыздарының бірі – Коламбус қорғаушысы Зак Веренски 9 жыл қатарынан «Блю Джекетс» үшін ойнап келеді. Ол командаға әлем чемпионаты басталардан бір күн бұрын қосылды. БАҚ назары «Сан Хосенің» жас шабуылшысы Уилл Смитке ауып отыр. Биылғы маусымда ол ҰХЛ-ға қадам басып, 74 матч өткізіп үлгерді және 45 (18+27) ұпай жинады.
Халықаралық хоккей федерациясының рейтингісінде АҚШ 6-шы, ал Қазақстан 15-орында тұр.
ФОТО: Ольга Бугаева
БАСТЫ БЕТКЕ ОРАЛУ