logo
26 мая 2021
​Артем Лихотников: «Біздің күшіміз – бірлікте»

Қазақстан құрамасы ойыншыларының көпшілігі – дебютанттар. Артем Лихотников Германияға қарсы матчта дебют жасап, оны жақсы өткізді. Жалпы алғанда, бүкіл команда мінез көрсетті және күрделі әрі нәтижелі қарсыласты жеңді. Ойыннан кейін форвард жеңістен алған әсерімен және командамыздың жетістікке жету құпиясымен бөлісті.

- Бүгінгі ойын бойынша не дейсіз, Қазақстан құрамасының күші неде?

- Бүгінгі матчта жақсы жылдамдық болды. Ұлттық құрама командада дебют жасағаныма қуаныштымын, бұл – әрбір қазақстандық ойыншы үшін үлкен абырой. Мен қуаныштымын, кеудемді мақтаныш кернейді. Жақсы ойын болды, жылдамдық жақсы болды, біздің команда тактиканы ұстанады. Нәтиже беретін ойын өрнегін орындайды. Мұнда жәй емес, матчты жеңу үшін келдік. Әрбір матч алдында біз тек жеңіске ұмтыламыз. Қазақстан үшін жеңу – үлкен абырой, өте қуаныштымын.

- Сіздер Финляндия, Германия сияқты мықты командаларды жеңіп, таңғажайып дүние жасадыңыздар. Қазақстан құрамасының ерекшелігі неде?

- Меніңше, бұл мінез, командалық мінез. Бұл бізді әлем чемпионатындағы барлық командалардан ерекшелейді. Біз қоян-қолтық, бір-біріміз үшін ойнаймыз. Сондықтан да біздің матчтар осылай жанкештілікпен өтеді. Біз шайбаға кеудемізді тосып, жігіттер шайбаның жолында жата-жастанады. Әрбірі команда үшін тер төгеді. Біздің күшіміз – бірлікте шығар.

- Бір қызығы, сіздер осыған дейін Канаданы жеңгендерді жеңдіңіздер. Келесі ойыннан не күтесіздер?

- Барлығы осы қарқында болады деп ойлаймын, статистикада біздің қанша соққанымызды емес, қанша соққыны тойтарғанымызды қарау керек, ең маңыздысы осы. Жігіттердің шайбаның жолында қалай төселетініне қараңыз. Біздің қанша лақтырғанымыз емес, қақпамызға қаншасы дарымағаны маңызды. Әрбір соққымызға үлкен жауапкершілікпен қараймыз. Канадаға да Финляндияға, Латвия мен АҚШ-қарсы шыққандай дайындаламыз. Және жеңу үшін шығамыз.

- Қазақстан құрамасы немесе ҚХЛ, ЖХЛ командасы үшін ойнаудың қандай айырмашылығы бар? Екінші кезеңнен кейін бапкер не деді?

- ҚХЛ мен кез келген басқа лигадан басты айырмашылығы – бұл біздің туымыз бен елтаңбамыз. Онда клуб үшін ойнасақ, мұнда кеудедегі эмблема үшін ойнаймыз. Әрбір ойыншы үшін басты айырмашылық осы. Ұлттық құрама үшін шығу әрбір ойыншы үшін үлкен жауапкершілік, барлығы үмітті ақтағысы келеді. Бапкердің айтқаны киім ауыстыратын бөлмеде қалады, үшінші кезеңді жақсы аяқтағанымызға қуаныштымыз. Жақсы сәттер болды, Пашка тамаша шықты, керемет гол салды. Соңғы минуттарда жігіттер төтеп берді, 6-ға 5 болып ойнады, бір минут ішінде үш рет бұғаттады, бұл барлығының бірлікте ойнайтынының көрсеткіші.

БАСТЫ БЕТКЕ ОРАЛУ