logo
23 сентября 2025
Алексей Кузнецов: «Қақпада жай ғана тұрмайды, ол жерде нағыз ойын жүреді»

JAS NOMAD қақпашы жаттықтырушыларының біліктілігін арттыру курсына шақырылған мамандардың бірі – «Барыс» пен Қазақстан құрамасының бұрынғы қақпашысы, Қазақстан жасөспірімдер құрамасының қақпашылар бапкері әрі Омбыдағы «Авангард» академиясының аға қақпашы бапкері Алексей Кузнецов болды. Көп жылдан бері ол Омбыда еңбек етіп келеді және біздің жасөспірімдермен бірге екі рет әлем чемпионатына, сондай-ақ Ресей мен Беларусьтегі турнирлерге бапкерлік штаб құрамында барған. ҚХФ баспасөз қызметіне берген сұхбатында Алексей Кузнецов қақпашылармен жұмыс істеудің ерекшеліктері туралы айтып, өткен курстардан алған әсерімен бөлісті.

- Алексей, балаларға қақпашылық дайындық кезеңінде қандай білім беру маңызды?

- 7–11 жастағы қақпашыларды дайындаудың бастапқы кезеңінде бапкерлердің алдына қойылатын міндет – оларды сырғанауды, қақпашыларға тән дұрыс тұрыста сырғанауды, қақпашыға тән дұрыс қадамдарды жасауды үйрету. Сондай-ақ алыстан ұшқан шайбаны артық қимылсыз, артық қозғалыссыз қайтара бастауға үйретіп, баланың бұл жұмыстың мәнін түсінуіне көмектесу керек. Сонымен қатар, баланың хоккейге деген құлшынысын өшіріп алмау маңызды. Хоккейдегі қақпашы мамандығы өте күрделі: ауыр амунициямен жүру, құлау, қайта тұру қажет. Бұл да бапкер көмектесетін кезеңдердің бірі болып саналады.

- Балалар қақпашы болуды өздері таңдай ма әлде бапкерлер қабілетіне қарай іріктеп ала ма?

- Өз тәжірибемнен айтарым, басты критерийлердің бірі – баланың қақпаға өзі тұруға, қақпада ойнауға деген ынтасы. Келесі кезеңдерде бапкер оның үйлестіру қабілетін, шапшаңдығын анықтап, қаншалықты ойынға бейім екенін, шынымен қақпада ойнай ала ма, жоқ па – соны түсінуі керек. Өйткені қақпада жай ғана тұрмайды, ол жерде нағыз ойын жүреді.

- Жаттықтырушыларға курстарда не ұсынылды?

- Екі күнде біз бапкерлерге сырғанау негіздерін көрсеттік: қадам ауыстыру, Т-тәрізді қадамдар, қақпашыларға арналған арнайы дене дайындығы, сонымен қатар мұз үстінде де, мұздан тыс та үйлестіру қабілеттерін дамыту. Залда кедергілермен жаттығу өткіздік, баспалдақпен және секіртпемен жұмыс істеудегі бірқатар жаңа тәсілдерді көрсеттік.

- Өзіңіз өкілі саналатын қазақстандық қақпашылар мектебі туралы айтып берсеңіз?

- Иә, жақсы білем. Қазақстанда әрдайым қақпашылар болатын, Набоковтан, Еремеевтен, Колесниковтан бастап. Олар хоккейде биік белестерге жетті. Қазір соңғы уақытта да бар жақсы қақпашылар, үміт күттіретін Владимир Никитин бар. Дұрыс көзқарас, түсінік пен дамудың арқасында ол ҰХЛ деңгейіндегі жақсы қақпашыға айналып, ұлттық құрамаға да үлкен көмек бола алады. Қазір көптеген командалар қақпашының сәтті ойынына негізделіп құрылады. Қақпашы – команданың табысының 50%-ы ғана емес, одан да көп, егер ол қиын сәттерде командасын ойында ұстап, сенімді ойнаса, команда жеңіске жетуге мүмкіндік алады. Мүмкін, бір күні Қазақстан да тек элитада қалу үшін емес, кем дегенде медальдар үшін күресер.

- Неге жаттықтырушылар үшін мұндай курстарға қатысу, JAS NOMAD бағдарламасын зерделеу маңызды және сіз оны өзіңіз қалай бағалайсыз?

- Ең алдымен Қазақстан хоккей федерациясына шақырғаны үшін алғысымды айтқым келеді. Мұндай шақыруларды мен әрдайым қуана қабылдаймын. Оның үстіне, Қазақстан – туған елім, Өскемен мен Астана – туған қалаларым. Сол себепті де үлкен ықыласпен келдім, жұмыста да жіберді, түсіністікпен қарады. Бұл – өте жақсы идея, оны жүзеге асыру оңай болмады, бағдарлама бір жыл бойы емес, бірнеше жыл бойы дайындалды. Оның жазылуына көптеген мамандар тартылды. Ең бастысы – ол қазір бар және соның негізінде қақпашы жаттықтырушыларын дұрыс жаттығу өткізуге үйретуге болады. Бұл кітап – нағыз оқу құралы, онда жаттығулар да, қайталану саны да, қай күндері жасалатыны да көрсетілген. Өте ыңғайлы. Федерация оны шығару үшін көп еңбек сіңірді, енді ең бастысы – дұрыс енгізу, бұл әдістің жұмыс істейтініне сену және оған сүйене білу. Сонымен қатар бұл кітап тек қақпашы жаттықтырушыларына ғана емес, қарапайым жаттықтырушыларға да пайдалы болады. Әсіресе орталықтан шалғай, үлкен хоккей жоқ өңірлерде жұмыс істейтін, бірақ балаларды үйретіп жүрген жаттықтырушылар үшін. Бұл құрал арқылы олар әрқашан қақпашыға қалай жақсырақ жаттыққан дұрыс екенін айтып, бағыт-бағдар бере алады.

ҚХФ бас серіктесі – «Самұрық Қазына» ҰӘҚ» АҚ

ҚХФ серіктесі – Sport Qory спортты қолдау қоры

БАСТЫ БЕТКЕ ОРАЛУ